Еліміздің туын биік ұстайтын спортшы әрі бапкер болғым келеді – бүгін 18-ге толған сайлаушы

- Әлисұлтан, туған күніңмен, дәл бүгін 18-ге толған екенсің, қазіргі көңіл-күйің қалай?
- Жақсы. Таңмен ертемен әкем екеуміз дауыс беруге барған кезде ерекше сезімге бөлендім. Өйткені елдегі өзекті мәселелерді шешуге менің даусым да септігін тигізіп жатса, екіншіден, жауапкершілік жүгін сезіндім.
Өзім М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 1 курсында дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығына оқып жатырмын. Ел намысын абыроймен қорғап, қазақтың көк байрағын биікте желбірететін спортшылар ғой.
Сондықтан мен де атақты спортшылар мен оларды жаттықтырып, шыңдайтын бапкерлерге ұқсағым келеді. Мақсатым – осы оқу орнын тәмамдап, білікті жаттықтырушы болу.
- Әкең Әскербек Нұрмұхановтың кезінде самбо, дзюдо, қазақ күресінен Қазақстан біріншілігінің жүлдегері атанған өңірге танымал спортшы екендігі белгілі. Қазіргі кезде БҚО мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры қызметін атқаруда. Осы жолға түсуіңе әкең де ықпал еткен шығар?
- Иә, әкемнің өмір жолы маған қашанда үлгі. Оның үстіне өзімнің де спортқа деген ынта-ықыласым жоғары. Жалпы, өз денеңді шынықтырып, мықты болғанға не жетсін!
- Өзіңнің де табыс-жетістіктерің бар шығар?
- Мен су добымен айналысамын. 2019 жылы Қазақстан құрамасы сапында шағын су добынан VІІ халықаралық ТМД мектеп спорты фестивалінде екінші орынға ие болдым.
- Бауырларың да спортпен шұғылдана ма?
- Отбасында алты ұлдың үлкенімін. Менен кейінгі Санжар самбомен, Ермахан аударыспақпен айналысады. Анам Айзада Ерсайынқызының мамандығы – психолог, қазір кішкентай ініммен үйде отыр. Келесі жылы інім бір жасқа толғаннан кейін, бұйырса, «Күміс алқа» иегері атанады.
Жалпы, отбасында ұлттық спорт пен тәрбиеге ерекше мән беріледі. Мемлекеттік тілде сөйлеу, ата-баба салтын қадірлеу қажеттігін құлағымызға құйып отырады.
- Әлисұлтан, әңгімеңе көп рахмет. Болашақта өмірден өз орныңды тауып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосатын азамат атануыңа тілектеспін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық ұланның 18-ге толған сарбаздары референдумда дауыс бергенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ оралдық ғалым ұлт болашағын ойлайтын ұрпағы үшін қуанғанын жеткізді.
Батыс Қазақстанда 91 жастағы тыл ардагері өз таңдауын жасады.