Еліміздің үш өңірінде табиғи газ желілері жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басындағы дерекке сай, елдегі газдандыру деңгейі 59%-ға жетті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ашық талқыға шығарған «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында» жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Биыл 1 қаңтардағы мәлімет бойынша елдегі газдандыру деңгейі 59%-ға жетті. Бұл дегеніміз 11,6 миллион адам табиғи газға қол жеткізді дегенді айғақтайды. 2021 жылы бұл көрсеткіш 57,67% болған еді. 2017-2021 жылдар аралығында 9 123,7 км газ желісі салынды», - деп көрсетілген құжатта.

Министрлік ұсынған ақпаратқа сай, қазіргі кезде еліміздің негізінен батыс және оңтүстік өңірлері мен Қостанай облысының тұрғындары ғана газбен толық қамтылған.

«Газ желісіне Астана қаласын, Ақмола және Қарағанды облыстарын қосу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл 2030 жылға қарай осы өңірлердің үй шаруашылықтарына көмірден табиғи газға көшуге мүмкіндік береді. Газ желілеріне Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары қол жеткізе алмай отыр. Олар жетілдірілген көмір қазандықтарын пайдалануын жалғастырады», - делінген тұжырымдамада.

Құжатты ашық талқылау 15 наурызға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар