Еліміздің ұстаздары дәстүрлі 6-шы Microsoft Жазғы мектеп шарасына қатысуда

АЛМАТЫ. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Тамыздың 2-8-і аралығында Алматыда еліміздің инновациялық ұстаздарына араналған дәстүрлі 6-шы Microsoft Жазғы мектеп өз жұмысын жалғастыруда,

Еліміздің ұстаздары дәстүрлі 6-шы Microsoft Жазғы мектеп шарасына қатысуда

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шараны Біліктілікті арттыру институты және Алматы қалалық білім жүйесіне кадрларды дайындау бөлімі ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Microsoft Kazakhstan компаниясының қолдауымен дүниежүзілік «Білімдегі серіктестік» бастамасы аясында өткізіп отыр.

«Microsoft Жазғы мектеп осымен 6-шы рет өткізіліп, педагог қауымының арасында дәстүрлі шараға айналып отыр. Қазақстандық ұстаздардың өздерінің біліктіліктерін арттыруға деген құштарлығы, жаңа білім алып, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалануы қуантарлық жағдай. Осындай шараларды өткізе отырып елде сапалы білім жүйесін қалыптастыруда өз үлесімізді қосатынымызға кәміл сенемін», дейді «Майкрософт Қазақстанның» Бас директоры.

Мектеп жұмысына білім беру үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланатын қазақстандық мектептер мен колледж ұстаздары қатысуда. Еліміздің барлық аймағынан жиналған 40 ұстаз 5 күндік білім бағдарламасынан өтіп, Microsoft компаниясынан сертификат алады. Оқыту қазақ, орыс тілдерінде өтуде.

«Бұл шара - оқытушылық дағдыларды жетілдірудегі маңызды қадам. Мектеп шеңберінде біздің мұғалімдер IT-өнімдерінің соңғы мүмкіндіктерімен ғана танысып қоймай, түрлі шығармашылық жобалар мен конкурстарға қатысып оны өз тәжірибелерінде пайдалана алады», дейді Алматы қалалық білім жүйесіне кадрларды дайындау бөлімінің директоры Светлана Исмағұлова.