Еліміздің Ванкуверде өтетін қысқы Олипиадаға лицензиясы 40-қа жетуі мүмкін
АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің Ванкуверде өтетін қысқы Олипиада ойындарына лицензиясы 40-қа жетуі мүмкін.
Бұл туралы бүгін ҚР Спорт және туризм министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Анатолий Құлназаров айтты.
Оның айтуынша, Халықаралық олимпиадалық комитет ақпанның 25-іне дейін жекелеген спорт түрлері бойынша жарыс жолына шығатын спортшылардың тізімін жариялайды. Бұл тізімде фристайл, акробатика сияқты бірқатар спорт түрлері бар. Осы спорт түрлерінен қазақстандық спортшылар бірнеше лицензия алады деген сенім бар.
«Ванкуверде өскемендік Дмитрий Рихард жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін. Ол фристайлдан Әлем кубогының соңғы кезеңінде үшінші нәтиже көрсеткен болатын. Сонымен қатар ерлер эстафетасында қазақстандық төрттік сәтті өнер көрсетеді деген ойдамыз», дейді Комитет төрағасы.
Ал алдағы жылы елімізде өтетін Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 20-25 алтын медаль еншілеп, командалық есепте Қытайдан кейін екінші орынды иеленуді мақсат етіп отыр.
А.Құлназаровтың атап өткеніндей, оған 2011 жылғы Азиадаға дейінгі Ванкувердегі қысқы олимпиада ойындары өз әсерін тигізбек. Себебі қазіргі уақытта спорттың 11 түрінен 120-дан астам спортшы олимпиада ойындарына қызу дайындық үстінде.