Еліміздің жастары мен қарттары да дауыс беру борышын орындауы тиіс - Әкім Тарази

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің жастары мен қарттары да дауыс беру борышын орындауы тиіс. Бүгін елордадағы сайлау учаскелерінің бірінде жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әкім Тарази осылай мәлім етті.

Еліміздің жастары мен қарттары да дауыс беру борышын орындауы тиіс - Әкім Тарази

«Бүгін борышымды орындау үшін сағат 8-ден барып дауыс бердім. Халықтың көңіл-күйі жақсы екенін байқадым және осыны ең маңызды деп санаймын. Мен дауыс берген учаскеде сайлаушылардың қарасы қалың болды», - деді жазушы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін 9741 сайлау учаскесінде өтуде. Оның ішінде Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерінің жанынан ашылған 65 сайлау учаскесі бар.

ҚР Президенті сайлауының алдын ала қорытындысы 27 сәуірде жарияланады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін учаскелік сайлау комиссиялары 12 сағаттың ішінде дауыстарды санауға міндетті. Осыдан кейін құжаттар аумақтық сайлау комиссияларына жеткізіліп, әрбір сайлау комиссиясы деңгейінде дауыс берудің алдын ала қорытындысы бойынша сәйкесінше хаттама жасалады. Ал 7 күннің ішінде сайлаудың соңғы қорытындысы шығарылады.