Еліміздің жетекші БАҚ өкілдері қазақ журналистикасын дамыту жөніндегі ұсыныстарын жария етті
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қазақстан журналистикасы: өзекті мәселелер» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысында белгілі журналист, этнограф-ғалым, профессор Ақселеу Сейдімбек мәжілістің қорытындысы бойынша қазақ журналистикасын дамыту жөніндегі ұсыныстарды жария етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біз, ең бірінші, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен, ҚР Білім және ғылым министрлігінен Еуразия ұлттық университеті жанынан еліміздің тарихында тұңғыш рет ашылған Журналистика мәселелерін зерттеу институтына жан-жақты қолдау көрсетіп, қазақ журналистикасының әлемдік ақпарат бәсекесінде төл тұлғасын айқындауға ықпал етуін және көмек көрсетуін сұраймыз. ҚР Білім және ғылым министрлігі еліміздегі журналистік білім беру жүйесін орталықтандыру арқылы шұғыл шара қолдануын уақыт қажет етіп отыр. Бүгінде БАҚ мамандарын 20-дан астам жоғары оқу орынында даярлау - журналистика кадрларының сапасыздануына себепші болуда. Осы орайда журналистика мамандығы бойынша білім беруді 3-4 оқу орнында (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Түркістандағы Қазақ-түрік университеті және Атырау университеті) жүзеге асыру қажет деп білеміз.
Сондай-ақ БАҚ-та жарияланған сын материалдар бойынша жауапты мекемелер мен тұлғалар тиісті БАҚ-тарға жазбаша жауап беру туралы міндеттеуді ҚР қолданыстағы заңнамалары мен ережелеріне енгізуді, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан журналистика мамандығында оқитын студенттердің өндірістік тәжірибеден өтулеріне нақты қолдау көрсетуді, журналистика мамандығы бойынша гранттардың санын арттыруды, «Ел арна» теледидарында Еуразия ұлттық университетінің оқу-ағартушылық бағдарламаларын ұйымдастыруды, Еуразия ұлттық университетінде Журналистика факультетінің ашылуын қолдауды, журналистика мамандығы бойынша төл оқулықтарды дайындаудың тетіктеріне ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуын, республикадағы елді мекендерінің шашыраңқылығы ескеріліп, қазақ радиоторабының бүкіл республика аумағын қамтуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тегеурінді ықпал етуін сұраймыз. Сонымен қатар халықаралық ақпарат тарату нормаларына сүйене отырып, Ресей тарапынан өктемдікпен жүзеге асырылып отырған ақпарат тарату кеңістігін реттеу мәселесі қолға алынса, уақыт талабына орай қоғамдық теле-радио арналарын ашуға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан көңіл бөлінсе дейміз. Сондай-ақ қазақ тілді баспасөздің дұрыс әрі ретті таратылуына қатаң талап қойылу қажет», - делінген қорытынды құжатта.Жиынның қорытындысы бойынша шығарылған ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдарға жіберу жоспарланып отыр.