Еліміздің жоғары оқу орындарында Елбасы Жолдауын насихаттауға бағытталған дәрістер өткізіледі

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - 14 қыркүйектен бастап еліміздің жоғары оқу орындарында Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауын насихаттауға бағытталған дәрістер өткізіле бастайды.

Еліміздің жоғары оқу орындарында Елбасы Жолдауын насихаттауға бағытталған дәрістер өткізіледі

Дәрістерді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен «Болашақ» Корпоративтік қоры ұйымдастырады. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

14 қыркүйек күні Астана, Алматы, Өскемен, 18 қыркүйек күні Көкшетау қаласының жоғары оқу орындарында Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауын насихаттау дәрістері өткізіледі. Дәрістердің негізгі мақсаты жастарға Президенттің 2012 жылғы Жолдауының беретін мүмкіншіліктері жайлы ақпарат беру, жастардың әлеуметтік проблемаларын шешу жолдарын түсіндіру. Мұндай дәрістерді болашақтықтар 2009 жылдан бастап өткізіп келеді.  

Елбасының жолдауы Қазақстанның тұрақты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуды жүзеге асыруға бағытталған. Құжаттың айтарлықтай бөлігі жастарға арналған: отандық ғылым мен технологияның дамуы, үдемели индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы шеңберінде жастар үшін жұмыс орындарын ашу, қол жетімді баспанамен қамтамасыз ету және т.б.  

Дәріс бағдарламасындаотандық білім беру жүйесінің дамуы мен жетілдірілуінің басым бағыттары,«Жұмыспен қамту-2020», «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламалары бойынша жұмысқа тұру, тұрғын үй алу мүмкіншіліктері қарастырылған.

Дәріс жүргізушілері: «Болашақ» корпоративтік қорының, жоғары оқу орындарының, әкімдіктердің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ өкілдері.

ДәрістерЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Астана), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (Алматы), Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде (Өскемен), Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде (Көкшетау) өткзіледі.