Еліміздің жолдарындағы қар құрсауынан 271 адам мен 108 көлік құтқарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше сағат түскі 15.00-дер шамасында Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы «Молодежный-Шідерті» тас жолындағы қар құрсауында ішінде 5 адамы бар жеңіл автокөлік қалып қойған. Облыстың ТЖД өрт сөндіру қызметінің 3 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылып, жолаушылар қардан тазартылған жолға шығарылған.
Ал Қостанай облысында «Жезқазған-Петропавл» тас жолының 60-шы шақырымында сағат 03.20-да қар құрсауында 11 жеңіл және 2 жүк көлігі қалып қойған. Оларда барлығы 30 адам болған. «Агроинтерптица» ЖШС қызметкерлерінің көмегімен жолаушылар қар құрсауынан шығарылып, Арқалық қаласына дейін жеткізілді.
Сондай-ақ «Арқалық-Торғай» тас жолының 25-шақырымында сағат 10.00-де 15 жеңіл автокөлік пен 2 автобус және 13 жүк көлігі қарға бөгеліп қалған (85 адам). «Қазавтожол» кәсіпорнының қызметкерлерінің көмегімен жолаушылар межелеген мекендеріне аман-есен бағытталды.
Ал «Қостанай-Қарабұтақ» тас жолының 230-шақырымында түскі сағат бір жарымдар кезінде ішінде барлығы 57 адам болған 34 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойған. «Қостанай жолдары» ЖШС қызметкерлерінің күшімен көліктер қардан тазартылған жолға шығарылды. Өткен тәулік ішінде жалпы қар құрсауынан 271 адам мен 108 техника шығарылды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.