Еліміздің ЖОО-да оқып жатқан студенттер саны 629 507 адамды құрайды

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011/2012 оқу жылының басына Қазақстан Республикасында 146 жоғары оқу орны жұмыс істеді.

Еліміздің ЖОО-да оқып жатқан студенттер саны 629 507 адамды құрайды

Ондағы студенттердің жалпы саны 629 507 адамды құрайды.  Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, еліміздегі ЖОО-ның жалпы санынан 53-і мемлекеттік болып табылады, оларда 311 333 адам оқиды немесе барлық ЖОО түрлерінде оқитындардың 49,5 пайызын құрайды. Студенттердің жалпы санынан  қыздар 58,2  пайызы, жігіттер 41,8 пайызды құрайды.  Ал мемлекеттік білім гранттарының есебінен білім алатындар 134 036 адам, немесе студенттердің жалпы санынан 21,3  пайызын құрайды, мемлекеттік білім тапсырысының есебінен 11 181 адам немесе 1,8 пайыз, ал ақылы негізде - 484 290 адам немесе 76,9  пайызы білім алады. Студенттердің жалпы санынан 360 894 адам немесе 57,3 пайызы оқытудың күндізгі түрі бойынша оқыса, 259 531 адам немесе 41,2 пайызы - сырттай, 9 082 немесе 1,4 пайызы - кешкі түрі бойынша оқиды. Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің саны 342 593 адамды құрайды. ЖОО-да оқыту қазақ тілінде оқытумен қатар орыс, ағылшын, араб және неміс тілдерінде жүргізіледі.

2011/2012 оқу жылының басына республиканың ЖОО-да 85-тен астам ұлт өкілдері оқыды. Оқитын қазақтардың үлес салмағы 78,3 пайыз, орыстардың - 14,6 пайыз, өзбектер, украиндар, татарлардың 0,8-1,5  пайыз шегінде, өзге ұлттар - 3,8 пайызды құрады.

Қаралып отырған оқу жылында оқытуға және дайындауға 197 228 студент қабылданды, бұл 2010/2011 оқу жылына қарағанда 4 329 адамға немесе 2,2 пайызға артық. 2012/2011 оқу жылы бітіріп шыққан білікті мамандар 160 934 адамды құрады бұл 2010/2011 оқу жылымен (161 964 адам) салыстырғанда 0,6 пайызға кем.

Бұдан бөлек, бакалаврлардың саны 597 040 адамды, жоғары арнайы білім алып жатқандардың саны 31 494 адамды құрайды.

Республиканың ЖОО-да оқитын студенттердің жалпы санында едәуір үлес салмақ келесі мамандықтарға тиесілі: әлеуметтік ғылымдар және бизнес - 24,7 пайыз, педагогикалық мамандықтар - 23 пайыз және техникалық ғылымдар және технологиялар - 20,4  пайыз.

Штатта тұратын профессорлық-оқытушылық құрамның саны 40 531 адам, қоса атқарушылық қызмет бойынша 6 322 оқытушы жұмыс істейді. Профессор-оқытушы қызметкерлердің 9 пайызы ғылым докторы, 36,3 пайызы - ғылым кандидаты, 6,6 пайызы - профессор және 17,8  пайызы - доцент ғылыми дәрежесі бар. Магистрдің академиялық дәрежесі бар оқытушылардың саны 6 057 адам немесе 14,9 пайыз, философия докторы  (PhD) - 473 адам немесе 1,2  пайыз.

Еліміздегі ЖОО-ң барлық ғимараттарының жалпы алаңы 5 039,3 мың шаршы метрді, оқу-зертханалық ғимараттардың жалпы алаңы - 2 877,9 мың шаршы метрді құрайды.