Еліміздің ЖОО-лары әлемдік жетекші университеттер рейтингіне кіруге ұмтылуы керек - Мәжіліс депутаты
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің ЖОО-лары әлемдік жетекші университеттер рейтингіне кіруге ұмтылуы керек.
Бұл пікірді бүгін ҚР Парламенті қабырғасында «Адам капиталының бәсекеге қабілеттілігі мен оның заңнамамен қамтамасыз етілуі» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Мәжіліс депутаты Динара Нөкетаева білдірді.
«Еліміздегі жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі керек. Сонымен қатар ЖОО-лар әлемдік жетекші университеттер рейтингіне кіруге ұмтылуы қажет. Осыған орай қазіргі уақытта сәтті жұмыс істеп жатқан «Назарбаев Университеті», «Назарбаев интеллектуальдық мектебі», «Назарбаев қоры» сынды Астанада құрылған бірегей оқу орындарының жобалары білім беру саласында ерекше басымдыққа ие болады. Қазіргі уақытта аталған оқу орындарының мәртебесі туралы заң жобасы Мәжілісте белсенді түрде талқылануда»,- деді ол.
Мәжіліс депутатының атап өтуінше, «Назарбаев Университеті» тұжырымдамасы алдыңғы қатарлы әлемдік жоғары мектеп тәжірибесі негізінде әзірленген. Сондай-ақ интеллектуалдық мектептер жергілікті көшбасшылар дайындайтын әрі қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген, әлемнің үздік университеттерінде білім алуға дайын талапкерлерді әзірлейтін бірегей білім ошақтарына айналмақ.