Елімізге қанша ХҚО қажет болатыны сараланып жатыр - А. Жұмағалиев
АНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізге қанша Халыққа қызмет көрсету орталықтары қажет болатыны зерттеліп жатыр.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті.
«Бүгінгі күні жалпы республика бойынша 337 ХҚО жұмыс істеуде. Дегенмен, халыққа қызмет көрсету жұртшылықты қаншалықты қамтитыны туралы мәселенің стандарттары сараланып жатыр. Бұндай стандарттау жұмыстары өткен соң, елге қажетті ХҚО сандары анықталады», - деді Байланыс және ақпарат министрі А. Жұмағалиев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Үкімет тарапынан құрылған комиссия ХҚО-ға берілген әрбір қызмет түрлерін де сараптайтын болады. Бұнда негізінен қызмет көрсету үдерісінің қаншалықты ашықтығы, құжаттардың жылдам берілуі зерттелуде. «Байланыс және ақпарат министрлігіне ХҚО-ларды берудегі өзіндік миссиясы бар. Мәселен, ХҚО-дан былтырғы жылы 7 млн. 200 құжат алу үшін азаматтар 70 млн. анықтама өткізген екен. Яғни, бұл мемлекеттік органдар тарапынан талап етілетін құжаттар. Ендігі күні біз осы құжаттарды қысқарту үшін комиссия құрдық, әрбір қызмет зерделеніп, басы артық анықтамалар қысқартылады. Ал қалған анықтамаларды мәліметтер базасынан қарауға жағдай жасайтын боламыз. Бұған шама жетеді. Сонда ғана бұл үдерістер ашық бола түседі», - деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасының негізгі мақсаты халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін ұйымдастыру жөніндегі функцияларды жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен алып Байланыс және ақпарат министрлігіне беру болып табылады.