Елімізге келетін еңбек мигранттарын қадағалау күшейеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда 14 957 шетелдік жұмыс істеп жүр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде тапшы әрі сырттан жиі шақырылатын мамандықтар түрі бойынша шетелден 100 үздік маманды тарту көзделеді. Өздеріңіз білесіздер, қазір жоғары технологияларды пайдалану арқылы дүние жүзіндегі мемлекеттер өндірісті дамытып жатыр. Бәсекеге қабілетті, сапалы өнім шығару, елге жеткізу, шетке сату, ол үшін технологиямен қоса, оны білетін мамандар қажет. Ол мамандар елнге келіп, өз ұжымындағы жергілікті азаматтарды үйрету арқылы көптеген жұмыстарды алға жылжытуға болады. Осының арқасында қазақстандық жұмысшылардың кәсіби біліктілігін көтеруге мүмкіндік бар», - деді Ілияс Испанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, көрші елдерден, соның ішінде тіркеусіз, бейресми жүргендердің жұмысын реттеу, оларды ітркеуге алу, бақылау-қадағалау жұмыстары да қолға алынады.
«Қазіргі уақытта елімізге шетелдіктер визалы және визасыз елдерден келеді, мәселен 30 күнге Өзбекстаннан келсе, ЕуразЭҚ елдерінен 90 күнде дейін визасыз жүруге рұқсаттары бар. Солардың қызметі ретке келтіріледі. Бұл жерде айта кетерлігі, ішкі еңбек нарығын қорғау үшін елімізде квота белгіленеді. Ол квотаға байланысты мемлекетте жоқ, тапшы мамандар қажет болатын жағдайды бекітеміз, сол азаматтарды шетелден шақыруға мүмкіндік беріледі. Бұл квота былтырғы жылмен салыстырғанда 7 мыңға азайды, қазір 21 мың бекітілсе, нақты 14 мың 900 адам шетелден келіп, рұқсат алып жұмыс істеп жатыр. Олар әрі қарай жұмысын атқарып, мерзімдері біткенде елден шығару мәселесі қаралады», - деді спикер.
Еңбек министрлігінің хабарлауынша, ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5910 адам (40%), тау-кен өнеркәсібі және карьер қазу – 1 419 адам (10%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 146 адам (8%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 1 081 адам (8%), өңдеу өнеркәсібі – 995 адам (7%).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 500 адам, Үндістан – 1 731 адам, Түркия – 1 642 адам, Өзбекстан – 1 344 адам, Ұлыбритания – 1 112 адам.
Айта кетейік, Еңбек министрлігі басқа да құзіретті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірледі. Елімізге ең тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі.