Елімізге оңтүстіктен-солтүстікке көшуді ынталандыру тетіктері қажет - Т. Дүйсенова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ішкі көші-қон үдерісінде оңтүстіктен-солтүстікке қарай халықтың көшуіне ынталандыру тетіктері қажет. Бүгін Мәжілісте көші-қон үдерістеріне арналған дөңгелек үстел барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлімдеді.
Министрдің сөзіне қарағанда, әлемдік тәжірибеде экономикалық өсім халықтың шоғырлануы жоғары аудандарда орын алады. Сонымен қатар, дарынды жастар ұмтылатын, ғылым мен инновация қалыптасатын жерлерге инвестициялар ағыны да көбірек тартылады. Бұл ретте министр Т. Дүйсенова Қазақстандағы жағдайға тоқтала келе, халықтың шоғырлануы жоғары оңтүстік өңірлерде өнімділік ең төмен деңгейде екенін, керісінше халық тығыздығы төмен батыс өңірінде өнімділік жоғары болып отырғанын алға тартты. Мәліметтерге қарағанда, еліміздің негізінен солтүстік өңірлер көбінесе әлемдік тенденцияға сәйкес болып отыр.
«Әлемдік тәжірибелерге келсек, ішкі көші-қонның басты трендтері саяси, экономикалық, индустриялық негіздерден туындайды. Қазақстанда ішкі көші қон саясатын екі бағытта жетілдіруді ұсынамыз, бұлар: оңтүстіктен-солтүстікке және ауылдан-қалаға. Бұл ретте ауылдан қалаға қарай көші-қон үдерісі елімізде мейлінше табиғи қалыпта өрбіп отыр, яғни бұған ешқандай да ынталандырудың қажеті керек емес. Ал оңтүстіктен-солтүстікке көші-қон үдерісін арттыру үшін ынталандыру тетіктері, жұртшылықты көшіру үшін жағдайлар жасалуы керек. Бұның бәрі ерікті түрде жүзеге асуы шарт», - деді Тамара Дүйсенова.