Елімізге шетелдік жұмыс күшін тарту жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тарту жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесі талқыланған отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Елімізге шетелдік жұмыс күшін тарту жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайды

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда көші-қон және жұмыспен қамту мәселелеріне арналған заң жобасы әзірленуде. Аталған заң жобасы бір жағынан ішкі қауіпсіздік пен ұлттық еңбек нарығын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталса, екінші жағынан экономиканың кадрға сұранысын қанағаттандыруды көздейді. Бұл ретте кадр сұранысы негізінен жоғары білікті мамандардың еркін нарығын құру, жұмыс берушілер үшін шетелдік жұмыс күшін тарту үдерісін либералдандыру арқылы жүзеге асырылмақ.

«Сонымен қатар, заң жобасы өздігінен жұмысқа орналасу мәселелерін, шетелдік мамандарды квота мен рұқсаттан тыс өздігінен тарту шараларын қарастырады. Бұл бағыт негізінен квотадан тыс атқарылады, алайда шетелдік жұмысшыларға рұқсаттың орнына біліктілікке сай екендігі туралы анықтамалар беріледі. Айта кетерлігі, бүгінгі дейін бізде Үкімет айқындаған мамандықтар тізімі бекітіліп келген болатын. Біз бұны квотадан тыс жүзеге асыруды ұсынамыз. Ал әлгіндей анықтамалар рұқсатнамалардың орнына жүретін болады. Дегенмен, анықтама негізінен жұмысшының біліктілігі жоғары екенін ғана растайтын болады. Осыған орай, шетелдік жұмысшы Қазақстанның кез келген өңірінен үш айдың ішінде біліктілігі бойынша кез келген жұмысты тауып, оған орналаса алады», - дейді Т. Дүйсенова.

Бұдан бөлек, министр шетелдік жұмыс күшін тарту үдерісін жетілдіру аясында жұмыс берушіге рұқсат беру идеологиясы тұтастай қайта қаралатынын атап өтті. «Біз нені қайта қарауды жоспарлап отырмыз? Ұсынылатын тәртіп бойынша квоталар экономикалық белсенді халыққа шаға отырып есепке алынбайды, керісінше салалар бойынша есептелетін болады. Мәселен, экономикалық қызмет түрлері бойынша осы сала қызметкерлер санының пайыздық қатынасына қаарй бөлінеді», - деді Т. Дүйсенова. Оның айтуынша, қазіргі күні шетелдік жұмыс күшін тартуға квота мөлшері экономикалық белсенді халық санына шағылып анықталады. «Алайда, бұл ретте қай салаға шетелдік жұмыс күшінің көбірек керек екенін ешкім де айта алмайды», - дейді министр.