Елімізге шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттар ақылы болуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттар ақылы болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықовтың айтуынша, жаңа заң жобасымен шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша әдістемелерді жетілдіру үшін 4 бағыт ұсынылып отыр. Бұл ретте ең алдымен өздігінен жұмысқа орналасу үшін шетелдік жұмыс күшінің келу тәртібі жетілдіріледі. Олар үшін экономиканың басым бағыттарының тізбесі айқындалады. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күші квотадан тыс, рұқсатсыз, мамандыққа лайықтылығы туралы анықтама бойынша, сондай-ақ Үкіметпен айқындалған қажетті мамандықтар тізімі бойынша келе алады.
«Екіншіден, жұмыс берушілер тарапынан шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі жетілдіріледі. Қазіргі жағдайға келсек, бұнда жалпылама квота ұсынылатын еді. Біз бұны сала-сала бойынша басымдықтарға орай сараландыруды ұсынамыз. Осыған орай, шетелдік жұмыс күшін тартуда ақылы рұқсаттар енгізу де ұсынылады. Бұл өз кезегінде мемлекетке төленетін өтемақы ретінде қаралады. Сонымен бір мезгілде рұқсаттар берудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оны Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан жүзеге асыру көзделеді», - деді Дәулет Арғындықов.
Вице-министрдің айтуынша, рұқсаттар ставкасы негізінен жұмысшылардың біліктілігіне, саланың басымдықты түрде айқындалуына қатысты белгіленуі мүмкін. Яғни, сала басым ретінде айқындалса, оған тартылатын жұмысшының біліктілігі де жоғары болуы тиіс, өз кезегінде оған бөлінетін рұқсаттар төлемі де төмендейді. «Бұл экономикалық тетіктің бір түрі. Өйткені, жұмыс беруші үшін рұқсат алу ақысы жоғары болған сайын, ол жергілікті нарықтан кадр іздеп, оны даярлауға өздері де мүдделі болуы керек», - деді вице-министр.