Елімізге сырттан келетін балалар ойыншықтарының көлемі азайды
«Елімізге келетін қауіпті және сапасыз деп танылған балалар ойыншықтар саны 16,2% артқан. Осы жағдайдан соң біз бақылауды қатаң қолға алдық. Бүгінде сырттан келетін сапасыз және қауіпті деп танылған ойыншықтардың үлесі 47%-дан 8%-ға төмендетілді. Бұл дегеніміз шетелден келетін ойыншықтар көлемінің азайғанын көрсетеді. Жалпы еліміздегі балалар ойыншықтарының 99% шетелден әкелінеді, оның көбісі Қытай, Түркия, Украина, Белорусь елдерінен, қалған 1% өзімізден шығады», - деді Ж.Бекшин ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, бас санитардың айтуынша тұрмыстық химия тауарлары, балалар мен жөсөспірімдерге арналған өнімдер, жиһаз, косметика және темекі өнімдеріне тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижесінде тұтыну талаптарына сәйкес келмейтін тауарлардың үлесі 21,4% құраған. Ол бойынша 677 іс қозғалып, 151 сот үкімі шығарылды, одан бөлек, 19,6 тоннадан астам өнім сатудан алынып тасталды. Және де жалпы сомасы 56 млн теңгеден астам айыппұл салынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық (2017 жылы 24,6 млн теңге).
«Жалпы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде тұтынуға сәйкес келмейтін тауар мөлшерінің серпінді төмендеуі байқалады. Оған дәлел соңғы үш жылда сапасыз деп танылған тауарлардың үлесі 30%-дан 13,4%-ға төмендеді», - деді ол.
Бұған дейін бас санитарлық дәрігер елімізде менингококк инфекциясының тұрақты екенін айтқан болатын.