«Еліңе күлкі сыйла!» байқауының жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Азаматтық альянсында «Еліңе күлкі сыйла!» республикалық акциясының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ол шара «Болашақ бүгіннен басталады» республикалық кампаниясының аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті, деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметінен.

«Еліңе күлкі сыйла!» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Еске сала кетсек, байқау жұмыстары үш аталым бойынша қабылданды: «Күлегеш» - балалардың суреттері, «Жастар энергиясы» - жастардың суреттері және «Еліме күлкі сыйлаймын» - ересек адамдардың суреттері. Акцияны ұйымдастыру комитетінің мекенжайына республика көлемінен 1000-нан астам жұмыс жіберілді.

17 тамыз күні акция жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімін Қазақстан Азаматтық альянсының директоры Ильдар Катенов ашты. Ол акцияға қатысушыларға алғысын айтып, барлық жұмыстар көңіл аударуға тұратынын және төрешілерге таңдау жасау қиынға соққанын атап өтті.

Акцияға қатысушылардың барлығы алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды (ipad, сандық фотоаппараттар, ұялы телефондар).

Қазіргі уақытта Қазақстан Азаматтық альянсы Астана көшелерінің бірінде 100 үздік жұмыстың фотокөрмесін ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап келеді. Жақында ол жерден байқауға қатысушылардың суреттерін көруге болады.