Элиталық жылжымайтын мүлік ең қымбат қалалар аталды
АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - Әлемде бағасы қымбат қалалар аз емес. Айталық, элиталық жылжымайтын мүлік бағасы жөнінен Мәскеу көшбасшылар қатарында келеді.
Дегенмен, нағыз «алтын» шаршы метрлер Гонконгте ғана. Мұнда бұрын-соңды болмаған элиталық жылжымайтын мүліктер бағасының өсуі дәулетті бизнесмендердің материктік Қытайдан ағылуы себебінен деп санайды сарапшылар.
Savills риэлторлық компаниясының зерттеу мәліметтері бойынша, Гонконгте элиталық тұрғын үйдің орташа бір шаршыметрі 110 925 долларға жуықтайды. Қазіргі кезде бұл сома әлемдегі ең қымбаты болып отыр. Соңғы жылдары Қытайда миллионерлер саны аса шапшаң өсуде. Олардың көпшілігі өз отанында қымбат үйлер сатып алумен қатар өздерінің активтерін шетелге шығаруға да асығуда. Ал жалпы жылжымалы мүлік есебімен Токио алда келеді. Жапония астанасы, айтпақшы, элиталық тұрғын үйлер құны рейтингісінде екінші орында келеді. Онда сәулетті апартаменттердің шаршы метрі орташа 85 900 долларды құрайды. Үшінші орында - Бейжің. Онда беделді аудандағы шаршы метр - орташа 54 140 доллар. Мәскеу де элиталық үйлердің орташа бағасы бойынша бестіктің қатарына кіріп отыр.
Сондай-ақ беделді үйлер бағасының қымбаттылығы жөнінен Лондон, Мумбаи, Нью-Йорк, Париж, Сингапур және Сиднейді атауға болады.