Елизавета ІІ патшайым Twitter-де өзінің алғашқы жазбасын жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Британия патшайымы Елизавета ІІ Twitter әлеуметтік желісін пайдаланушыларының қатарын толықтырды. Алғашқы хабарламасын ол Elizabeth R деген атпен жариялады, деп хабарлайды шетелдік БАҚ.
Жазба Виндзор сарайының микроблогында Лондонның әйгілі Ғылым мұражайының жаңа қанатын ашу кезінде жарияланды. Мұражайға информатика мен коммуникацияға арналған экспозиция қойылған еді.
«Мен Ғылым мұражайында «Ақпараттық ғасыр» көрмесін зор сезіммен аштым. Адамдар оған қуана келетін болады деп үміттенемін», - делінген Елизавета ІІ хабарламасында. Бұрын ол ешқашан осы әлеуметтік желінің микроблогына жазба қалдырмаған еді.
Айта кетейік, қалпына келтіруге 25 млн. доллар жұмсалған аталмыш мұражайдың жаңа қанатында 800-ден астам экспонат таныстырылды. Солардың бірі - әлемдегі алғашқы заманауи компьютердің сақталып қалған жалғыз нұсқасы. Оны белгілі британдық математик Алан Тьюринг жасаған.