«Елмен бірге»: Астананың өзгерісін тұрғындар қалай бағалайды
АСТАНА. KAZINFORM – Күн сайын көркейіп, жаңарып келе жатқан Астана – елорданың айнасы. Оның әр көшесі мен ғимаратынан қала дамуының жаңа қырын байқауға болады. Күнделікті көзге түсе бермейтін осы өзгерістер Jibek Joly арнасындағы «Елмен бірге» бағдарламасында талқыланды.
LRT – Астананың жаңа тынысы
Астананы биіктен көрудің бір жолы – «Тарлан» желісімен қатынау. Қаланың үстімен жүріп өтетін пойыз жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп қана қоймай, елорданы жаңа қырынан танытады. Биіктен қарағанда күнде көріп жүрген көшелер мен ғимараттар өзгеше әсер қалдырады.
Бұл бағытқа сұраныстың жоғары екенін жолаушылар саны көрсетеді. Мәселен, «Тарлан» іске қосылғалы бері оның қызметін 8 млн-нан астам адам пайдаланған. Қазір тәулігіне орта есеппен 73 мың жолаушы қатынайды. Ал жыл соңына дейін көрсеткіш 10 млн-нан асуы мүмкін. Жолаушылар ағыны артқан сайын станциялардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету маңызды.
Бағдарлама жүргізушілері заманауи станциялардың бірінде оның басшысы Еркебұлан Станбековпен кездесіп, күнделікті жұмыс тәртібі, жолаушылар ағыны мен туристердің қызығушылығы туралы сұрап көрді.
– Жұмыс күніміз техникалық-санитарлық жағдайды саралаудан басталады. Сонымен бірге жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, станцияның жұмысын үздіксіз қамтамасыз етуге үлес қосамыз. Жұмыс автоматтандырылған. Өзім бұрын қызмет көрсету жүйесінде қызмет атқарғандықтан халықпен байланыс мен үшін өте маңызды, – деді «Астана жұлдызы» станциясының басшысы Еркебұлан Станбеков.
Станцияның жұмысы мамандар үшін күнделікті міндет болса, қала тұрғындары үшін LRT – Астананың тынысын сезінудің бір бөлігіне айналып келеді.
– Астанаға 6 жыл бұрын көшіп келдім. Қала ертегідегі батырлардай секунд сайын өзгеріп, көркіне көрік қосып жатыр. Бос уақытым болса, демалыс парктерін аралаймын, жағалауда серуендеймін, қала сыртындағы ауамен тыныстап, сыртқа да шығамыз. Әсіресе, Астана жастар үшін дамуға жақсы. Ол – өз ырғағымен бесікше тербеліп жатқан қала. Қалада көбіне осы LRT желісімен қатынаймын, – деді тұрғын Бағдат Байжантаев.
«Жайлы мектептер» қалай жасақталады?
Елордада халық саны өскен сайын мектепке сұраныс артып келеді. Осы қажеттілікті өтеу үшін елордада жаңа білім ордаларын салу жұмысы қарқын алған. «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында екі жылда Астанада 23 жаңа мектеп бой көтерді. Олардың басым бөлігі халық саны жылдам өсіп жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасқан. Яғни жаңа тұрғын үймен бірге әлеуметтік нысандар да қатар салынып жатыр.
Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобаның елордадағы нәтижелерінің бірі. Сол мектептердің бірі – №103 орта мектеп. Мұнда 2 мың оқушыға жағдай жасалған. Білім беру үдерісімен қатар, балалардың қауіпсіздігіне басымдық берілген. Атап айтқанда, оқушылар ғимаратқа Face ID арқылы кіреді, барлық қабат бейнебақылау жүйесімен қамтылған.
Мектептің мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. Оқу кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, оқушыларға арналған жеке шкафтар мен робототехника сыныптары да қарастырылған.
– Кабинеттерде қажетті құрылғы, оқулық, барлығы бар. Оқушылардың заты жоғалмас үшін арнайы шкафтар қарастырылға. Робототехника сыныптары қамтылған. Қоңырауда ерекше күй қосылады, – деді бастауыш сынып мұғалімі Ақерке Ердосқызы.
Жаңа мектептің жайлылығын оқушылар да жарыса айтады.
– Бір жылда 5 кітап оқыдым. Дайындық, сабақ көп болғандықтан, көп қарай алмадым. Алайда сабақтан бос уақытта мектептегі кітап бұрышына келіп, кітап оқып тынығамын. Болашақта авиация инженері болуды армандаймын, – деді 11-сынып оқушысы Әлғазиз Исак.
Оқушыға жайлы орта қалыптастыруда оқу кабинеттерінің жабдықталуы да маңызды. Оны өндіріс орнындағы мамандар дайындайды.
Мұнда жасалған өнім Астанамен ғана шектелмей, еліміздің өзге өңірлеріндегі «Жайлы мектептерге» жеткізіледі.
– Жетісай, Алматы, Астана қаласының мектептеріне арнап жиһаз жасақтаймыз. Кемшілігі жоқ, сертификатталған. Балаларға арнап барымызды салып жатырмыз. Партада ілгішке дейін қамтылады, – деді цех қызметкері Руслан Елжасов.
Қалаға қажет өнім қайда дайындалады?
Қалада күнделікті өмірге қажет өнім шығаратын өндіріс орындары жеткілікті. Солардың бірі – «Өндіріс» аумағында орналасқан экологиялық таза өнім шығаратын кәсіпорын. Мұнда 47 адам жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорын тәулігіне 8 тонна дәретхана қағазын және 6 тонна майлық өндіреді. Өнім көлемімен қатар, өндірісті одан әрі кеңейту жоспары да бар.
– Астана – тек саяси-экономикалық орта емес, өндірістің ордасы. Мұнда жүздеген зауыт бар. Ол импортты азайтып, ішкі өнімнің үлесін арттыруға ден қойып жатыр. 2 күн бұрын бізге жаңа индустриалдық парктен жер телімі бөлінді, ол өндірісті 100 пайыз толық циклде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол жақта біз шетелден алатын шикізатты өзімізде өндіруге ден қоямыз. Қағаз өнімдерін ғана емес, химиялық өндірісті де жолға қою жоспарда, – деді цех директоры Мәди Нұржау.
Ал өндірістің үздіксіз жүруі мамандардың жұмысына байланысты. Соның бірі – цех қызметкері Әсел Дәуірбекова.
– Күніне 8 сағат жұмыс істеймін. Өндіріс – тоқтамайтын жүйе. Жұмыс қызықты, – деді ол.
Цифрлы қаланың мүмкіндігі
Елордада қаланың тынысын бақылап, тұрғындардың мәселесін жедел шешуге көмектесетін цифрлық жүйе бар. Қаладағы 60 мыңға жуық камераның 23 мыңнан астамы iKOMEK жүйесіне қосылған.
Орталық тұрғындардың өтінішін қабылдап қана қоймай, оны тиісті қызметке бағыттап, мәселенің шешілуін бақылайды. Бүгінде мұнда 24 басқарма, 6 аудан әкімдігі, 24 коммуналдық қызмет, 106 лифт ұйымы және мыңнан астам тұрғын үйге қызмет көрсететін ұйым өзара байланысқан.
Экрандардағы сан түрлі ақпаратқа қарасаңыз, қаланың бір сәттік тынысын осы жерден көруге болады.
– Қоңырауларды қабылдап, өтінімдерді өңдейміз. Денсаулық, әлеуметтік, коммуналдық сала бәрі қамтылған. Астана – тоқтаусыз дамып жатқан қала. Шетелден көшіп келген азаматтарға да қолдау көрсетеміз. Басқа қаладан келген қазақстандықтар да бізге қоңырау шалып, қажетті көмек алады, – деді оператор Гүлжанат Кенжина.
Осылайша, Астананың келбетін көзге түсетін ғимараттар айшықтаса, оның күнделікті жұмысын осындай жүйелер мен сол жерде еңбек ететін адамдар қамтамасыз етіп отыр.
Еске салайық, Астанада Маңғыстау, Алматы және Абай облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр.