18:30, 26 Қыркүйек 2023 | GMT +6
Эльмир Әлімжанов семсерлесуден Азия ойындарының қола медалін иеленді

Қазақстан құрамасының өкілі Эльмир Әлімжанов семсерлесуден 2022 жылғы Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды. ҚазАқпарат бұл туралы Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әлімжанов Ханчжоуда өтіп жатқан турнирдің ½ финалына дейін жетті. Бұл жетістігі оның қанжығасына қола медальді байлады.
Отандасымыз жартылай финалда Жапония өкілі Коки Канодан жеңіліп қалды.
Қазақстан қоржынында қазір тоғыз медаль бар екенін айта кетейік. Бұған дейін дзюдошы Әбиба Әбужақынова мен оқ атудан команда мүшелері екінші орын иеленді. Дзюдошылар Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар, Нұрлыхан Шархан, Есмигүл Куюлова, мерген Никита Чирюкин, пневматикалық винтовкадан оқ ату бойынша Александра Ле мен Ислам Сатпаев қола жүлдені қанжығасына байлады.