Эльмира Сыздықова күрестен Азиаданың күміс жүлдесін иеленді
АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында күрес түрлерінен кезекті жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, 76 келідегі Эльмира Сыздықова өз мансабында алғаш рет Азиаданың финалына шығып, Париж Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы Юка Кагамиге (Жапония) қарсы күресті. Нәтижесінде белдесу 1:5 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді.
Бүгінгі жарыс барысында жерлесіміз Даваанасан Енх-Амарды (Моңғолия) 4:1 және Венжи Лиді (Қытай) 9:8 есебімен жеңген болатын.
Айта кетейік, Эльмира Сыздықова өз мансабында 2018 жылы Азиаданың қола жүлдесін еншілеген.
Бұған дейін жазғы Азия ойындарында финалға дейін жеткен аруларымыз:
🥇2010 жыл. 🇰🇿 Елена Шалыгина (63 келі)
🥈2022 жыл. 🇰🇿 Жәмила Бақбергенова (76 келі)
🥈2018 жыл. 🇰🇿 Жұлдыз Эшимова (53 келі)
🥈2014 жыл. 🇰🇿 Гузель Манюрова (75 келі)
🥈2006 жыл. 🇰🇿 Ольга Смирнова (55 келі)
Айта кетейік, 3 қазан күні Токиодағы Equestrian Park кешенінде Азия ойындары аясындағы ат спортынан ең тартысты бәсекелердің бірі – конкурдан жекелей біріншіліктің (Jumping Ind A) бірінші раунды басталады. Бұл сында құрлықтың ең мықты шабандоздарымен қатар Қазақстан намысын 4 спортшы қорғайды.