Елімізде 1 млн гектардан астам аумақта орманды қалпына келтіру жоспарланып отыр
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда орман-климаттық жобаларды дамытуға, орманды қалпына келтіруге және көміртекті қаржыландыру саласына инвестициялар тартуға жағдай жасайтын тиісті заңнамалық түзетулер қабылданды, деп хабарлайды ҚР Экология министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Өңірлік экологиялық саммит (РЭС) аясында «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы бойынша қарарға қол қойылып, Қазақстанда 1 044 500 гектар аумақта ормандарды қалпына келтіру және жасыл екпелерді ұлғайту көзделген.
Осы бағытта Экология және табиғи ресурстар министрлігінде First Carbon Group Ltd. компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.
Компания халықаралық инвестициялар мен көміртек нарығының тетіктерін тарта отырып, 100 мың гектарға дейін орман екпелерін құру жөніндегі бастамасын таныстырды.
-Бұл кездесу орман-климаттық жобаларды әлеуетті инвесторларға таныстыру бағытындағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Министрлік осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, отандық және халықаралық инвестицияларды тартуды көздейді,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Қазақстанның мұнай-газ химиясына 15 млрд доллар инвестиция тартуды көздеп отырғаны туралы жаздық.