Елімізде 100 мың тонна пластиктің тек 3,5 мың тоннасы қайта өңделеді

ББатырбек Әубәкіров
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қайталама қалдықтарды өңдеуді арттыруға не кедергі? Қалдықтарды қайта өңдеушілердің қандай проблемалары бар және оны қалай шешуге болады? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров жауап берді.

«Бүгінде Қазақстанда полигондардағы қалдықтарды қайта өңдеуді реформалау қажет. Мысалы, 100 мың тонна пластиктің тек 3,5 мың тоннасы ғана қайта өңделеді. Қайталама шикізатты қайта өңдеу, әлемдегі ең перспективалы және тез дамып келе жатқан салалардың бірі. Бұл орайда қазақстандық бизнес те қалдықтарды қайта өңдеуге мүдделі. Оны шешудің бірнеше жолы бар, соның бірі «EcoQolday» бағдарламасы, биыл наурызда Үкіметтің Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы «жасыл» жобаларға 3%-бен кредит беру туралы қаулысы күшіне енді», - деді Батырбек Әубәкіров қайталама шикізатты қайта өңдеу мәселелеріне арналған конференцияда. 

Сондай-ақ, қауымдастық төрағасы қалдықтарды қайта өңдеушілердің бірқатар проблемасын көтерді. 

«Біріншіден, тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін орнықты шикізат базасының болмауы, келесі, үшінші елдермен тең емес сауда шарттары. Сонымен қатар шикізат пен дайын өнімге әр түрлі кедендік мөлшерлемелер мен бағамдық айырмашылықтардан туындаған демпинг. Нәтижесінде бұл факторлар қазақстандық қайта өңдеушілердің бәсекеге қабілеттілігін, нарық үлесінің жоғалуын және өндірістік қуаттардың жүктемесін төмендетеді», - дейді ол. 

Осы орайда аталған қауымдастық Үкіметтің назарына қайталама шикізатты қайта өңдеуді дамыту және қолдау жөніндегі жол картасын әзірлеп, оны енгізуді ұсынбақ. 

Айта кетейік, бүгін Астанада «Қазақстанда қайталама шикізатты қайта өңдеу: даму проблемалары мен перспективалары» тақырыбында гибридті форматтағы халықаралық конференция өтті.

Соңғы жаңалықтар