Елімізде 2030 жылға қарай жылына 6,7 млрд текше метр газ өндіріледі
Қазақстанның кен орындарынан 2030 жылға қарай табиғи газ өндіру көлемі күрт артады. Болжамға сәйкес бұл көрсеткішті жылына 6,7 млрд текше метрге жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды Kazinform.
Осыған орай «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Газ стратегиясын әзірлеп жатыр. Жаңа стратегияда «Теңіз», «Қарашығанақ» және «Қашаған» кен орындарын игеруді есепке алмағанда 2030 жылға қарай табиғи газ өндірісін жылына 6,7 млрд текше метрге дейін арттыру қарастырылып отыр.
«2023 жылы жаңа үш кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Бұлар – Оңтүстік Ақсай, Шығыс Өріктау, Рожков кен орындары. «ҚазМұнайГаз» компаниясы алдағы 3-4 жылда Орталық Өріктау кен орнында өндіру жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз – жылына шамамен 1 млрд текше метр газ. Ал, 2027 жылы Батыс Прорва және Қаламқас кен орындары пайдалануға беріледі. Болжам бойынша газ өндіру көлемі жылына 1,1 млрд текше метрге дейін жетеді. Халықаралық компаниялармен бірге перспективалы 12 геологиялық барлау жобасы, сондай-ақ, қолданыстағы кен орындарын жете барлау жұмыстары пысықталып жатыр», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Өткен жылы іске қосылған Оңтүстік Ақсай кен орнында игеруге болатын газ қоры 1,7 млрд текше метрді құрайды. Мұнда жылына 100 млн текше метр газ өндіріледі. Ал, Шығыс Өріктау кен орнынан игерілетін газ қоры – 4 млн тонна. Бұл кен орнында еріген газдың 2,2 млрд текше метр қоры бар. Газдың айлық өндіру көлемі – шамамен 9 млн текше метр.
Сондай-ақ, Рожков кен орнының да қоры мол. Ондағы игерілетін болжамды газ қоры – 26,9 млрд текше метр. Ал, конденсаттың қоры 12,5 мың тоннаны құрап отыр. Кен орнынан жылына 1 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған.
Еске сала кетелік бұған дейін соңғы үш тәулікте елімізде қанша мұнай мен газ өндірілгенін жазған едік.