Елімізде 26,6 млн тонна астық жиналды - АШМ
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл гектарынан 16 центнерден 26,6 млн тонна астық жиналды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
«Биыл фермерлердің қажырлы еңбегінің, мемлекеттік қолдау шараларының және қолайлы ауа-райының арқасында біз гектарынан орташа есеппен 16 центнер өнімділікпен 26,6 млн тонна астық жинай алдық. Сондай-ақ 1,2 млн. тоннадан астам қант қызылшасының рекордтық өнімі күтілуде, бұл қант импортына тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының басқа түрлері бойынша егін жинау жалғасуда», - деді Азат Сұлтанов «Атамекен» ҰКП XII Съезі алдындағы жиында.
Вице-министрдің айтуынша, биылғы жылы елеулі мемлекеттік қолдаудың арқасында жоғары рентабельді дақылдардың пайдасына егіс алқаптарын әртараптандыру сәтті жүргізілген. Сонымен қатар 1,2 млн. тоннадан астам минералды тыңайтқыштар енгізілген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе артық.
Одан бөлек, элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9,5%-ға дейін өскен.
Айта кетейік, Астанада «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XII Съезі өтті. Орталық мемлекеттік орган вице-министрлерінің, ҚМА, Антикор, Бас Прокуратураның басшылық құрамдары және «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ және басқа да жетекші даму институттарының қатысуымен өткен шарада еліміздің түкпір-түкпірінен келген шаруалар өздерін толғандырған мәселесін жеткізіп, шешу жолдары талқыланды.