Елімізде 32 технология мен инновацияларды қолдау орталығы жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM - Елімізде 32 технология мен инновацияларды қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұндай орталықтар қызметі өңірлерде инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты.

технология
Фото: Kazinform

— Инновациялық экожүйені дамытуда және инновациялар мен шығармашылықты дамыту үшін қолайлы орта құруда технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТМҚО) маңызды рөл атқарады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда еліміздің 18 өңірін қамтитын университеттер базасында осындай 32 орталық жұмыс істейді.

ТМҚО қызметі өңірлерде инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Олар шаруашылық жүргізуші субъектілерге өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және басқа да өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтық қорғауды ресімдеу бойынша ресурстар мен дағдыларды ұсынады, - деді ол ОКҚ алаңында.

Вице-министр, сондай-ақ, 3-4 желтоқсанда Астана қаласында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған ТМҚО-ны дамыту жөніндегі өңірлік конференция өткенін атап өтті.

— Бұл іс-шара тәжірибе алмасу және зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін стратегиялық маңызға ие, сондай-ақ өңірде орнықты инновациялық даму үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Біз келесі жылы ТМҚО-ны ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырамыз, - деді Ботагөз Жақселекова.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан заңнамасына жаңа «географиялық нұсқама» зияткерлік меншік объектісі енгізілгенін, оны өнім шығарушылар қалай ұтымды пайдалана алатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар