Елімізде 4 мыңға жуық тазы тұқымы ресми тіркелген
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 4 мыңға жуық тазы тұқымы ресми тіркелген. Бірақ, оның саны мұнан да көп болуы мүмкін. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында қонақ болған Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали айтты.
Бауыржан Серікқалидің айтуынша, Қазақстан Кинологтары одағының ресми асыл тұқымды иттер кітабына төрт мыңға жуық тазы енгізілген. Бұл — қажетті іріктеуден, ветеринариялық тексерулерден өтіп сәйкестендірілген және шығу тегін растайтын құжаты, яғни шежіресі рәсімделген тазылар.
Сонымен қатар тазының едәуір бөлігі әлі де ресми есепке алынбай отыр.
— Ауылдарда осынау есепке алу рәсімінен әлі өтпеген ит өте көп. Сондықтан біз елді мекендерді аралап, асыл тұқымды иттерді байқаудан өткізу, арнайы экспедициялар ұйымдастыру кезінде осындай иттерді анықтаймыз. Егер олардың тұқымдық құндылығы болса, онда иесімен әрі қарай жұмыс істейміз, — деді Бауыржан Серікқали.
Кинологтар иелеріне мұндай асыл тұқымды иттерін есепке енгізуге көмектесіп, олардың ұрпағын сақтау және тіркеу үшін қандай рәсімдерден өту қажеттігін түсіндіреді.
— Бұл база қалай дегенде де арта береді. Төрт мың — бұл ресми сан, — деп атап өтті сарапшы.
Осыған дейін шетелдік сарапшыларды қазақы тазының қай қасиеті қызықтыратыны туралы жаздық.