Елімізде 5 мыңға жуық жеткіншек АПВ-ға қарсы вакцина алды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде елімізде жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация жүріп жатыр.
«Бүгін адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы жеткіншек қыздарды жалпы вакциналаудың экономикалық тиімділігі жағын талқыладық. Сонымен қатар бұған дейін осы вакцинаны енгізген елдердің тәжірибесі мен нәтижесін ортаға салдық. Елімізде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпы вакциналау қыркүйекте басталды. Бүгінде 11 мен 13 жас аралығындағы 5 мыңға жуық жеткіншек қыз екпе алды. Вакцина салар алдында жасөспірімнің ата-анасы және педагогтармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сол сияқты вакцинаны емханадан бөлек, мектеп қабырғасында алуға болады», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетова АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізу мәселелеріне арналған семинарда.
Оның айтуынша, жыл бойы ел аумағында адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация науқаны басталмас бұрын ата-аналар, педагогтар және жеткіншек қыздардың арасында ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
«Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина – жатыр мойны обырының алдын алатын және онымен күресетін жалғыз екпе. Жыл сайын жатыр мойны обырына 2 мың адам (әйел) шалдығады, оның 600-ге жуық өлім тіркеледі», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін елордада АПВ-ға қарсы вакцинациясын жүргізудің қоғамдық денсаулыққа әсері бойынша зерттеу нәтижелеріне арналған семинар өтті.
Аталған шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің ұйытқы болуымен өтті.
Еске салсақ, аталған қауіпті инфекцияның таралу статистикасы қандай, бұл вирус не үшін қауіпті және неге екпе алу қажеттігіне қатысты біздің агенттік шолу жасаған еді. Толығырақ сілтемеге өтіп, танысуға болады.