Елімізде 5 мыңнан астам студент су тасқынымен күреске жұмылған
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің су басқан өңірлеріндегі жоғары оқу орындарына студенттерді қауіпті аймақтарға жібермеу туралы тапсырма берілген. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтты.
«Қазіргі таңда төтенше жағдай орын алған өңірлерде орналасқан жоғары оқу орындарын су алмаған. Залал келу мен қирау қаупі жоқ. Министрлік тарапынан барлық оқу орнынан студенттерді қауіпті аймақтарға жібермеу туралы тапсырма берілді. Министрлік және тиісті өңірлердің жоғары оқу орындары төтенше жағдай режимінде жұмыс жасауда. Су тасқыны жүріп жатқан өңірлердегі университеттердің күнделікті мониторингін жүргізіп жатыр», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, жоғары оқу орындарында жұмыс және оқу штаттық режимде жүргізілуде.
Онлайн оқытуға қазір төтенше жағдай режиміне байланысты тек қана Х.Досмұхамедова атындағы Атырау университеті көшкен. Онда 8 мың студент білім алады.
«Апатпен күреске жоғары оқу орындары тартылған. Университеттер белсенді азаматтық ұстаным көрсетуде. Өңірлерде, су тасқыны жүріп жатқан жерлерде студенттер және университеттер қызметкерлері қатарынан 5 мыңнан аса адамнан тұратын отрядтар құрылды. Атап айтқанда, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 450 студенттері мен 50 қызметкерлерден тұратын еріктілер тобы гуманитарлық орталықтарда қажетті тұрмыстық тауарларды тасымалдауға-жеткізуге, гуманитарлық көмектерді қабылдауға жәрдемдесуде. Дәл осы университеттің 2,8 мыңнан астам студенті мен 200 қызметкерінен арнайы еріктілер жасағы құрылған. Атырау мұнай және газ университетінің 300 студенті еріктілер ретінде ауыспалы режимде жұмыс жасауда. Қостанай өңірлік университетінің 100 волонтеры күн сайын тасқын болған аймақтардан эвакуацияланған азаматтарға гуманитарлық көмек тарату жұмыстарына қатысып жүр», - деді Талғат Ешенқұлов.