Елімізде 68 млн-нан астам дәрілік зат қаптамасы таңбаланды – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері нарыққа 145 дәрілік затты өткізуге рұқсат берілмеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министр Ақмарал Әлназарова мәлім етті.
«Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында 6 891 дәрілік зат пен мен 13 мыңнан астам медициналық құралдар мен жабдықтар тіркелген. Елімізде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы құралдарға зертханалық сараптама жасау бойынша 3 зертхана жұмыс істеп жатыр. Бұл зертханалар дәрінің сапасына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне сараптама жүргізеді. Сараптама қорытындасы бойынша дәрі-дәрмектің қойылған талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты жыл басынан бері нарыққа 145 дәрілік зат немесе берілген өтінімдердің 2,6%-ы енгізілмеді», - деді А. Әлназарова.
Осы орайда ол 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау енгізілгенін еске салды. Бұл өз кезегінде дәрі-дәрмектің заңсыз айналымын анықтап, олардың қолданысқа өтуіне бөгет болады.
«Қазір 68 млн-нан (39,3 млн – шетелдік, 29,3 млн - отандық) астам дәрілік зат қаптамасы таңбаланып, оның 28,5 млн-ы айналымға енгізілді. Бұл жұмысқа отандық дәрі-дәрмек өндірушілер, тасымалдаушылар, жеке айналымдағы дәріханалар мен 1 784 медициналық ұйым қатысып отыр. Бұл өз кезегінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМКК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында дәрілік заттардың толық айналымын (импорт мен экспортты) бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді министр.