Елімізде алма импортына тыйым салынды: шектеу жеміс тапшылығына әсер етпей ме

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 1 қыркүйекте «ҚР аумағына алма әкелуге тыйым салу туралы» бұйрыққа қол қойды

Елімізде алма импортына тыйым салынды: шектеу жеміс тапшылығына әсер етпей ме
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Құжатқа сәйкес, биыл 3 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында Қазақстанға барлық көлік түрімен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден және ЕАЭО аумағы арқылы басқа да елдерден алма әкелуге тыйым салынды.

Алайда тыйым мына жағдайларды қамтымайды:

• алманы Қазақстан аумағы арқылы транзитпен тасымалдау, оның ішінде тауарды межелі мемлекеті Қазақстан болмаған жағдайда ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің аумағынан екінші мүше мемлекеттің аумағына Қазақстан арқылы тасымалдау;

• 3 қыркүйекке дейін жөнелтуші мемлекетте экспорттық кеден рәсімінен өткізілген алма. Бұл ретте тауарларға арналған экспорттық декларация, сондай-ақ аталған тауарлардың 3 қыркүйекке дейін жөнелтілгенін растайтын көлік құжаттары ұсынылуы қажет. Ал тауарлар кедендік транзит рәсімімен тасымалданған жағдайда транзиттік декларация ұсынылады;

• 3 қыркүйекке дейін Қазақстанға іс жүзінде әкелінген алма, оның ішінде уақытша сақтауда тұрған тауарлар. Бұл жағдайда тауарлардың Қазақстан Республикасының аумағына бұйрық күшіне енгенге дейін нақты әкелінгенін растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл шара қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Ол отандық өнімнің тұрақты сатылуына ықпал етеді.

Бұйрық 3 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін Недзвецкий алмасы несімен ерекше екенін жазғанбыз.