Елімізде алма тапшылығы бола ма
АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев контрафактілік өнімге тосқауыл қоюға қатысты түсінік берді.
Еске салсақ, жақында Қазақстанға алманы автокөлікпен әкелуге тыйым салынды.
«Польша алмалары біздің импортқа елеулі үлес қосып отыр. Бұл өнім тікелей теміржол арқылы тасымалданып жатыр. Неге автокөлікпен әкелуге тыйым салдық? Өйткені алманы автокөлікпен тасымалдау кезінде өнім шыққан елге қатысты ақпарат сәйкес келмей жатады», - деді министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, осыған дейін Өзбекстан тауары деген желеумен Түрікменстанның қызанағы мен қияры, алмасы Қазақстанға тасымалданған.
«Жалпы, елімізде 12-ден астам сортты қамти отырып, 300 мың тоннаға жуық алманың мол өнімі болатынын айта кеткен жөн. Сондықтан дүкен сөрелерінен алма жоғалмайды. Теміржол арқылы ашық әрі адал түрде жеткізіліп жатқан өнімге шектеу болмайды. Ал заңсыз және контрафактілік өнімге тыйым салынады», - деді ведомство басшысы.