Альцгеймер ауруы диагнозымен есепте тұрғандар саны бес жылда 5 есе өскен
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда альцгеймер диагнозымен есепте тұрғандар саны 2021 жылы 677 болса, 2025 жылы олардың саны 3 706-ға жетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрлік дерегінше, соңғы бес жылдағы көрсеткіш мынадай:
- 2021 жылы — 677 адам;
- 2022 жылы — 1 559 адам;
- 2023 жылы — 2 279 адам;
- 2024 жылы — 2 992 адам;
- 2025 жылы — 3 706 адам.
Осылайша, бес жыл ішінде альцгеймер диагнозымен есепте тұрғандар саны 3 029 адамға артқан.
— Аурушаңдықтың өсуі анықтау деңгейінің жақсаруына және медициналық көмектің қолжетімділігінің артуына байланысты, — деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.
Елімізде жылына орта есеппен альцгеймер ауруының 710 жағдайы тіркеледі.
Альцгеймер көбіне 65 жастан кейін дамиды. Дегенмен дерт одан ерте жаста да кездесуі мүмкін.
— Ауру 65 жасқа дейін басталса, ол ерте басталатын альцгеймер деп аталады. Қазір 65 жасқа толмаған 742 адам осы диагнозбен динамикалық бақылауда тұр, — делінген министрлік жауабында.
Альцгеймер ауруы деменцияның негізгі себебі саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемдегі деменция жағдайларының шамамен 60–70%-ына осы дерт себеп болуы мүмкін.
Бұған дейін альцгеймер ауруына қандай адамдар төзімді келетіні жазған едік.
Сондай-ақ қарапайым қан анализі сау адамдарда альцгеймер ауруының жасырын қаупін анықтай алады.