Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Өткен аптада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды Kazinform.
4 желтоқсанда Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Нұраханұлы Сейітқұлов ҚР Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Бұл қызметті атқарған Ғани Тілеубеков қызметінен босатылды.
4 желтоқсанда Берік Әшірбеков Шымкенттегі Тұран ауданына әкім болды.
Берік Айдарұлы Әшірбеков 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында туған.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін және Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Мамандығы: «жер кадастры және жылжымайтын мүлікті бағалау», «құқықтану».
Еңбек жолын 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық жер кадастры бюросының технигі, жерге орналастырушысы болып бастады.
Кейіннен Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық жер кадастры филиалы директорының міндетін атқарушы, Астана қаласының Жер кадастры бойынша ғылыми өндірістік орталығы мемлекеттік жер кадастры орталығының бөлім бастығы, Петропавл қалалық Жер кадастры бойынша ғылыми өндірістік орталығы директорының орынбасары болып еңбек етті.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облыстық Жер кадастры бойынша ғылыми өндірістік орталығы кәсіпорнында директор орынбасарының міндетін атқарушы, Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімінің өндірістік секторының меңгерушісі, Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары, Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, кейіннен басқарма басшысы болды.
«TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының Басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасы, Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды.
4 желтоқсанда Камиль Ақатов «Ғылым қорының» басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Камиль Ақатов 1991 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.
Wollongong университетін (БАӘ), Қазақ технология және бизнес университетін, Астана IT университетін бітірген.
2015-2016 жылдары — «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ жоба бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.
2016-2022 жылдары — «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ бас менеджері, аға менеджері, бөлім бастығы, департамент директоры.
2022 жылдың қаңтарынан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін — «Qazinnovations» Инновациялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы.
2022-2023 жылдары — ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі.
4 желтоқсанда Дәулет Халелов Жетісу облысы Көксу ауданына әкім болып тағайындалды.
Дәулет Кенжеханұлы 1975 жылы туған. Білімі жоғары.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «ухгалтерлік есеп, бақылау және шаруашылық қызметін талдау» мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын әуелі Көксу ауданындағы «Каблиса» өндірістік кооперативінде, кейін «Көксу-Шекер» ААҚ-да бухгалтер болып бастады.
Түрлі жылдары Көксу ауданы әкімінің көмекшісі, Лабасы ауыл округінің әкімі, Көксу ауданы әкімі аппаратының жетекшісі қызметін атқарды.
2014 жылдың наурыз айынан осы уақытқа дейін Жетісу облысы Көксу ауданы әкімінің орынбасары болды.
4 желтоқсанда Бексұлтан Әділханов Шымкент дін істері басқармасына басшы болды.
Бексұлтан Ержанұлы 1994 жылы Шымкент қаласында туған. М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің және академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің түлегі. Мамандығы: «құқықтану», «мемлекеттік және жергілікті басқару».
Еңбек жолын 2016 жылы Шымкент әкімі аппаратына қарасты заң бөлімінде бас маманның міндетін атқарушы болып бастады.
Кейін Шымкент әкімі аппаратының заң бөлімінде бас маман, Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының қоғамдық ұйымдармен жұмыс, талдау және мониторингі бөлімінің басшысы болып еңбек етті.
Сондай-ақ Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасында қоғамдық-саяси ахуал бөлімінің басшысы болды.
2021 жылдан бүгінгі күнге дейін Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды.
5 желтоқсан күні Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жаңа басшы келді. Бұл қызмет Дінмұхамед Болатұлы Әбсаттаровқа жүктелді.
Дінмұхамед Болатұлы 1978 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген.
М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «теміржол көлігіндегі экономика және менеджмент», Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «мұнайшы-инженер» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамының экономисі ретінде бастаған.
2002-2006 жылдары Жалағаш, Қызылорда облысы әкімі аппараттарында түрлі деңгейдегі лауазымда қызметте болды.
2006-2010 жылдары Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, 2010-2012 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі көлік жолдары комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті директорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болған.
2012-2020 жылдары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры, Алматы қаласы мен Қызылорда, Түркістан облыстарының кәсіпкерлер палатасын басқарған.
2020-2021 жылдары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болған.
2021-2023 жылдары «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
2023 жылдың наурыз айынан бастап «Yevniy Consulting Group» компаниясында басшылық қызметте болды.
5 желтоқсанда Болат Өтемұратов Қазақстан теннис федерациясының президенті болып қайта сайланды.
7 желтоқсанда Гүлназ Сисенова Ақтөбе облыстық әлеуметтік бағдарламалар басқармасына басшы болды.
Гүлназ Сағынқызы 1981 жылы Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Ақтөбе қаржы-экономика колледжін, 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы Алға ауданы бойынша салық комитетінің салық инспекторы болып бастаған. 2003 – 2016 жылдары Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының жетекші маманынан бастап, басқарма басшысының орынбасары, кейін басқарма басшысына дейін көтерілген. 2016 – 2019 жылдары Алға ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы болып қызмет еткен. 2019 жылдың шілде айынан бастап Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
7 желтоқсанда Назарбаев Университетінің басшылығы ауысты.
Назарбаев Университеті (NU) қамқоршылық кеңесінің шешімімен Аслан Сәрінжіпов NU-дың атқарушы вице-президенті болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстанның Білім және ғылым министрі лауазымында жұмыс істеген және NU-дың ашылуының басы-қасында болған.
Сонымен қатар NU-дың жаңа вице-президенттері тағайындалды:
Дархан Біләлов, жоғары білім саласындағы PhD докторы. Бұрын Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы-ректоры, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті қызметтерін атқарған.
Ерлан Шоланов, МВА магистрі. Бұған дейін Назарбаев Университетінің жоғары білім мектебінің атқарушы директоры, Kozybayev University басқарма төрағасы-ректоры, Нархоз университеті провосты лауазымдарын атқарған.
Әсел Уәлиева, DBA докторы. Бұған дейін Назарбаев Университетінің жоғары бизнес мектебінің атқарушы директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – Операциялық қызмет жөніндегі проректор қызметтерін атқарған.
7 желтоқсанда «QazaqGaz»ҰК» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен «QazaqGaz ғылыми техникалық орталығы» ЖШС еншілес ұйымының бас директоры лауазымына Мейір Нұртайұлы Шерәлі тағайындалды.
Мейір Шерәлі 2010 жылы Ұлыбританияның Манчестер университетін мұнай және газ инженері мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2010 жылы ҚР Мұнай және газ министрлігінен бастаған.
Мұнай және газ саласындағы халықаралық компанияларда өндірістік тәжірибесі мол.
2011 жылдан 2022 жылға дейін Baker Hughes трансұлттық мұнай сервисі компаниясында бірқатар лауазымды қызметтерде болды.
Атап айтқанда, Шығыс Каспий өңірі бойынша бизнесті дамыту бөлімінің басшысы, Қазақстан мен Өзбекстандағы «Мұнай сервистік қызметтері» компаниясының директоры, «Baker Hughes ZMS» БК ЖШС және «Baker Hughes Kazakhstan» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарды.
Тайланд, Малайзия, Әзербайжан, Түрікменстан елдерінде жұмыс істеген уақытта кен орындарын бұрғылау және оңтайландыру саласында бірнеше жобаны іске асырды.
Сонымен қатар, Лукойл, Шеврон, Теңізшевройл, КПО, Petronas, Жайықмұнай және басқа да компаниялардың қызметіне қатысты бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруға қатысты.
Осыған дейін «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС (бұрынғы Бірлескен химиялық компания) басқарма төрағасы қызметін атқарды.
8 желтоқсанда Тимур Құлыбаев Kazenergy басшылығынан кетіп, орнына Мағзұм Мырзағалиев сайланды. Бұл шешім Алматы қаласында өткен KAZENERGY кеңесінің отырысында қабылданды.
KAZENERGY Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы мұнай-газ саласындағы кәсіпкерлікті дамытуды қолдау мақсатында 2005 жылдың 2 қарашасында құрылған. Содан бері оған кәсіпкер Тимур Құлыбаев басшылық жасап келген болатын.
Бүгінде қауымдастық мұнай-газ, электр энергетикасы және атом өнеркәсібі салаларындағы компанияларды біріктіреді.