Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Өтіп бара жатқан аптада еліміздің орталық мемлекеттік органдары мен өңірлерінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Әсіресе елдің күштік құрылымдарында маңызды ауыс-түйіс тіркелді. Аптаның алғашқы күнінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының екі орынбасары тағайындалды.
Мемлекет басшысының өкімімен Марат Қабиденұлы Жұмабаев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Сыртқы барлау қызметінің директоры лауазымына тағайындалды.
Сонымен қатар Алмас Тілепбергенұлы Наймантаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Ал Бақытбек Жамалбекұлы Қосжанов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды.
Аптаның ортасында Руслан Серікұлы Сарқұлов Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өкімімен Қайрат Сапарбекұлы Дәуітов ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
Бұл қызметте болған Нұртас Дәулетұлы Қабақов лауазымынан босатылды.
Париж Олимпиадасынан кейін Туризм және спорт министрі лауазымынан босатылған Ермек Маржықпаев осы аптада жаңа лауазымға ие болады.
Ермек Маржықпаев 1969 жылы Астана (Целиноград) қаласында дүниеге келген.
С. Сейфуллин атындағы Ақмола мемлекеттiк педагогикалық институтын, «Тұран» университетiн және Көкшетау университетiн бiтiрген.
Еңбек жолын 1991 жылы дене шынықтыру мұғалiмi болып бастаған:
1992-1993 жылдары — Ақмола облысы Бурабай кентiнің орта мектебінде мұғалім.
1993-1994 жылдары — «Шонай» ШЖК директоры.
1994-2008 жылдары — «Береке-Бурабай» ЖШС директоры.
2008-2012 жылдары — Ақмола облысы Аршалы ауданының әкiмi.
2012-2013 жылдары — Ақмола облысы Зерендi ауданының әкiмi.
2013-2014 жылдары — Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары.
2014-2015 жылдары — Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi Мемлекеттiк бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлiмiнiң мемлекеттiк инспекторы.
2015-2019 жылдары — Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкiмi.
2019 жылғы наурыздан — Ақмола облысының әкiмi.
2023 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен туризм және спорт министрі болып тағайындалып, биыл 31 тамызда босатылған еді.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымына Теміртаудың бұрынғы әкімі Ораз Тәуірбеков тағайындалды.
Ол бұл лауазымда денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
Ораз Тәуірбеков салық қызметінде жұмыс істеп, салық инспекторы қызметінен бірнеше өңірдегі облыстық басқармалардың басшысына дейінгі жолдан өтті. Сондай-ақ, коммерция саласындағы басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі бар.
Жеті жыл Қарағанды облысының Тексеру комиссиясының мүшесі болып жұмыс істеді.
Ораз Тәуірбеков Қарағанды облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын, қайта құрылғаннан кейін – «Қарағанды облысының экономика басқармасы» ММ басқарды. Балқаш қаласының әкімі болған. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап осы тағайындауға дейін Теміртау қаласының әкімі қызметін атқарды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Нұрдәулет Медеуов Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Еңбек жолында «Оңтүстік Қазақстан облысы туризмді дамыту ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің директор міндетін атқарушы, Астана қаласының білім басқармасы «Жас саяхатшылар станциясы» мемлекеттік мекемесінің туризм нұсқаушысы, 2017 жылы Астана қаласының білім басқармасы «Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы» МКҚК-нің туризм нұсқаушысы болып қызмет етті.
Сондай-ақ, Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Turkistan Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары, Туризм басқармасы Туризмді дамыту бөлімінің бас маманы, Туристік жобаларды жоспарлау және жүзеге асыру бөлімінің басшысы, Туризмді дамыту және туристік жобаларды іске асыру бөлімінің басшысы болып еңбек етті. Жыл басынан бүгінгі күнгн дейін, Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасы және мәдениет басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарды.
Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы болып Еркінбек Рахымбайұлы Әмірғалиев тағайындалды.
Оның еңбек жолы 2004 жылы Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 аудандық сотының сот отырысы хатшысының м.а. лауазымынан басталды.
Сондай-ақ ол Әділет министрлігінде, Денсаулық сақтау министрлігінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, сондай-ақ ҚР Жоғарғы сотында бірқатар негізгі лауазымды атқарды.
Кейінгі жылдары Еркінбек Әмірғалиев Алматы қаласы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болды.
Абай облысы қаржы басқармасының басшысы болып Асхат Смаилов тағайындалды.
Асхат Сайдахметұлы 1968 жылы 1 наурызда Семей облысы Ақсуат ауданы Қызыл-Кесік ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1991 жылы Ақсуат аудандық қаржы бөліміне кірістердің түсуін болжау және экономикалық талдау бойынша аға экономист ретінде бастады. 1994-1997 жылдары Ақсуат аудандық қаржы бөлімінің салықтарды болжау бөлімінің меңгерушісі, қаржы бөлімінің меңгерушісі болған.
1997-2002 жылдары Тарбағатай ауданының қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2002-2005 жылдары Тарбағатай аудандық экономика бөлімінің басшысы. 2005-2007 жылдары Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары.
2007-2009 жылдары Тарбағатай аудандық қаржы бөлімінің, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы, Көкжыра ауылының әкімі лауазымдарын атқарды.
2009-2010 жылдары Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы болды. 2010-2018 жылдары қайтадан Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен.
2018-2020 жылдары Көкпекті ауданының, 2020-2022 жылдары Тарбағатай ауданының әкімі лауазымдарын атқарды.
2022 жылдан осы уақытқа дейін Абай облысы Ақсуат ауданының әкімі болып жұмыс істеді.
Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданының әкімі болып Елдос Байрахметов тағайындалды.
Еңбек жолын 2011 жылы «Қазақтелеком» АҚ-да оператор болып бастады. 2012-2013 жылдары «Қазақтелеком» АҚ-да техник, инженер-конструктор болып жұмыс істеді.
2016-2018 жылдар аралығында «Астанателеком» мекемесінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген.
2019-2021 жылдары «Ертіс» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.
2021-2022 жылдары Мәскеу қаласындағы Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесінің кеңесшісі, көмекшісі болды.
2022-2023 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Қаржы басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті.
2023-2024 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы болған.
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының әкімі болып Ерлан Құсайын тағайындалды.
Еңбек жолын 1999 жылы бастаған. 2007 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Қарағанды облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің қаржы, ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы болды.
2008 жылдан 2014 жылға дейін Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінде түрлі қызметтер атқарды. Содан кейін Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Қарағанды облысы әкімі аппаратының Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығын басқарды. Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры, ішкі саясат басқармасының басшысы, Қарқаралы ауданының әкімі болды.
2023 жылдың қараша айынан бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Қазақстандық «Барыс» хоккей клубына бас бапкер болып Вячеслав Буцаев тағайындалды.
В. Буцаев ойыншы ретінде Олимпиада және әлем чемпионы атанған. АҚШ-тағы Ұлттық хоккей лигасында 130-дан астам матч өткізген.
Бұған дейін ол Ресейдің ЦСКА, «Сочи» және «Нефтехимик» командаларының бас бапкері болған.
Ал «Витязь» клубын бас бапкер болып жүргенде аталмыш ұжым Құрлықтық хоккей лигасының 2022-2023 жылғы маусымында плей-офф кезеңіне шыққан болатын.