Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Өткен аптада орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда кадрлық ауыс-түйістер болды. Kazinform халықаралық ақпараттық агенттігі дәстүрлі түрде апта сайынғы тағайындауларға шолу ұсынады.
Апта басында Сұңғат Есімханов ҚР Энергетика вице-министрі болып тағайындалды.
Сұңғат Есімханов 1973 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Павлодар мемлекеттік университетін, Қарағанды «Болашақ» өзекті білім беру институтын бітірген. Ол 1996-2000 жылдары аралығында «Алюминий Қазақстан» АҚ гидрометаллургиялық цехында еңбекті қалыптастыру бойынша инженер, экономист болып жұмыс істеді. 2001-2004 жылдары аралығында ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелесікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігінде жетекші маманның м.а., бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысы қызметтерін атқарды.
2004-2007 жылдары — Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау агенттігінің құрылымында жұмыс істеп, әр жылдары Маңғыстау және Қарағанды облыстары бойынша департаменттерде директор болды. 2008 жылы — «Қаныш Сатпаев атындағы арна» РМК бас директорының орынбасары, 2008-2010 жылдары — Павлодар облысы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының м.а., басқармасы басшысы, 2010-2013 жылдары — «Қазақэнергосараптау» АҚ президенті болды.
Сондай-ақ, 2013-2014 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаменті директорының м.а., департамент директоры, 2014-2018 жылдары — ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасы, 2018-2020 жылдары — ҚР энергетика вице-министрі, 2020-2021 жылдары — Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2021-2022 жылдары — «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы, 2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі болып Жәннат Балғабайқызы Дүбірова тағайындалды.
Жәннат Дүбірова 1987 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Ұлыбританиядағы Манчестер университетін бітірген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Коммерциялық құрылымдарда метадеректер әкімшісі, IT жобалардың жетекшісі, менеджері, бас менеджері, Ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді.
Ол 2016-2017 жылдары — «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2017-2022 жылдары — Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» ШЖҚ МКК басшысы, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары болған.
Сонымен бірге, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры болып Манара Адамова тағайындалды.
Манара Елекенқызы Адамова 1969 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «Физика мұғалімі» мамандығы бойынша бітірді. Психологиялық-педагогикалық білім беру магистрі. Қайта даярлау курсы – олигофренопедагог мамандығы бойынша «Дефектология», НЗМ ПШО педагогының І озық деңгейі, ECERS-3 шкаласы бойынша сапаны бағалау бойынша сертификатталған сарапшы.
Еңбек жолын 1991 жылы Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданы Ақтасты ауылының орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып бастаған.
1993 жылдан 2010 жылға дейін Қызылорда облысындағы №127 орта мектеп-лицейінің директоры, директордың орынбасары, физика пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарды. 2010 – 2016 жылдары – Қызылорда облысының №3 Балаларды оңалту орталығының директоры, 2016 – 2018 жылдары – Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының шағын жинақты мектептер орталығының аға ғылыми қызметкері, кейін директоры, 2016 – 2020 жылдары – Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Орта білім беру орталығының директоры, 2020 – 2021 жылдары – «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының директоры. 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Балаларды ерте дамыту институтының директоры қызметін атқарды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппаратының басшысы қызметінде Мадияр Қожахмет ведомство аппаратының басшысы болып тағайындалды. Ол 1984 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Чехия жаратылыстану ғылымдары университетін бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ-да бастаған. 2003-2008 жылдары – Чехия Республикасындағы Қазақстан жастар конгресінің бөлім, басқарма бастығы, орынбасары, атқарушы директоры, халықаралық өкілі, 2008-2012 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты бағыты бойынша жұмыс істеді.
2012-2014 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігі бөлімінің инспекторы, 2014-2017 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы.
2017-2019 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2019-2020 жылдары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы, 2020 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін – ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы болды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ғалым Шойкин Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Ғалым Шойкин 1977 жылы Ақмола облысында туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы комбайнердің көмекшісі болып бастады. Ал 1995-1996 жж. — өндірістік кооперативте тракторшы-машинист. 2000-2001 жж. — Л.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар, саясаттану және әлеуметтану кафедрасында тағылымгер оқытушы, 2001-2003 жж. — ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Жастар саясаты департаментінің өңірлік саясат және талдау жұмысы басқармасында түрлі қызметтер атқарды.
Ол 2004-2009 жж. — ҚР Президент Әкімшілігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2009-2012 жж. — «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2012-2014 жж. — ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары, 2014-2017 жж. — ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы, 2017-2019 жж. — ҚР Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, 2019 жылы Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарды.
2019-2020 жж. — ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту департаментінің директоры, 2020 жылғы мамырдан қазірге дейін ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары болды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының директоры қызметіне Ерлан Естек тағайындалды.
Ол 1982 жылы 5 қыркүйекте Қостанай облысында дүниеге келген. Арқалық қаласындағы мемлекеттік педагогика институтын (2003 жылы), Шымкент университетін (2016 жылы), Қазақ спорт және туризм академиясының магистратурасын (2017 жылы) тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы жаттықтырушы-оқытушы ретінде бастады. Ол Қазақ күресінен 2 дүркін әлем және Азия чемпионы. Дзюдодан ҚР спорт шебері, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші. Бапкер ретінде қазақ күресінен 9 әлем чемпионын, 5 Азия жеңімпазын 30-дан астам ҚР спорт шеберін даярлаған.
Өңірлер бойынша, Жамбыл облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып Еркін Келесов тағайындалды.
Еркін Егембердіұлы 1964 жылы Тараз қаласында туған. Ол 1993 жылы Шымкент кәсіптік училищесін «өнеркәсіп кәсіпорнының бухгалтері», 2000 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл облысы бойынша салық инспекциясында аға салық инспекторы болып бастаған. Әр жылдары Жамбыл облысы бойынша салық комитетінде бөлім бастығы, салық департаментінде басқарма бастығы, Байзақ ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, Тараз қаласы бойынша салық басқармасының бастығы, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманы, Жамбыл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы лауазымдарында еңбек еткен.
2022 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыс әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының әкімі болып Мұрат Сердалин тағайындалды.
Мұрат Амангелдіұлы 1975 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан аграрлық университетін ветеринария және М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды заңгер мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары ол Ақжайық ауданы «Мал дәрігерлік жәрдем» МҚК-ның Алмалы ауылдық округі бойынша мал дәрігерлік инспекторы, ҚР АШМ Ақжайық ауданы бойынша аумақтық басқармасының жетекші маманы, ҚР АШМ Ақжайық аудандық аумақтық басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы, ауданның бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы, Ақжайық ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің және Ақжайық ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы сияқты қызметтерді атқарды. Тағайындауға дейін Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары болды.
Футболдан Талдықорғанның «Жетісу» командасының бас бапкері қызметіне қазақстандық маман Қайрат Нұрдәулетов тағайындалды.
Қайрат Нұрдәулетов 1982 жылы дүниеге келген. Кәсіби ойыншы ретінде «ЦСКА-Қайрат», «Есіл-Богатырь», «Ертіс», «Қайрат», «Тобыл», «Астана» және «Қайсар» командаларында ойын көрсетті. Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына енді. Кейін Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқарды.
Ол 2023 жылы Түркістан облысының «Мақтарал» клубында бас бапкер міндетін атқарып, аталған ұжымның Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға үлесін қосты.