Елімізде әрбір үшінші адам мамандық бойынша жұмыс істемейді
АСТАНА. KAZINFORM — Жұмыссыз жастардың бір бөлігі «диплом бар, бірақ жұмыс жоқ» деп шағымданса, жұмыс берушілер «лайықты маман табылмай жатыр» дейді. Қоғамда қалыптасқан осы парадокстың себебін профориентолог Құралай Мекембаева түсіндірді.
— Елімізде әрбір үшінші адам мамандық бойынша жұмыс істемейді. 16-17 жасында жастар қателесіп жатады. Себебі жастар бірінші орынға грантпен білім алуды қояды. Кейін жүрек қалауымен таңдамаған мамандық болғасын beauty салаға кетеді, — деді профориентолог Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Осының әсерінен соңғы жылдары ата-аналар кәсіби бағдар мәселесіне көбірек мән бере бастаған. Әсіресе, өз өмірлік тәжірибесінен сабақ алған орта буын баласының болашағына ертерек инвестиция салуға ұмтылады.
— 40-50 жастағы ата-аналар мәселеге мән бере бастады. Себебі кезінде өздерінің дипломы бір басқа, өзі басқа салада еңбек еткен, — деді спикер.
Сонымен қатар еңбек нарығы үнемі өзгеріс үстінде. Жаңа мамандықтар пайда болып, кей салаларға сұраныс артып келеді. Сондықтан адам қабілеті мен жеке ерекшеліктеріне сай бағыт таңдауы маңызды.
Профориентологтың сөзінше, бала өзіне қызық емес саланы таңдаса, қиындықтан қашу, бастаған ісін аяқтамау сияқты әдеттер қалыптасуы мүмкін.
— Жастарға ізденіс, өзін-өзі тану, сыни ойлауды дамыту керек, — дейді ол.

Маман ата-ана мен бала арасындағы сенім мен байланыстың маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, жасөспірімге дұрыс бағыт беру қажет.
— Жасөспірім — жеке әлем. Сондықтан түсіну, таңдау жасауына көмектесу, тәжірибе бөлісу, тыңдай білу қажет, — дейді маман.
Бүгінде жастар ғана емес, орта жастағы азаматтар да мамандығын ауыстыру жайын жиі ойлайтыны жасырын емес.
— 40 жастағы адамдар өзгерістен қорқып жатады. Ұнамайтын жұмыста жүре береді. Энергиясы таусылады. Алайда, одан қорықпау керек. Ешқашан кеш емес, — дейді спикер.
Маманның пікірінше, қазіргі таңда жарнама, маркетинг және ІТ салалары сұранысқа ие. Сондықтан еңбек нарығында табысқа жету үшін дипломнан бұрын икемділік, дағды және дұрыс таңдау маңызды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2035 жылға қарай Қазақстанда 562 кәсіп немесе еңбек нарығының 44%-ы (шамамен 4 млн адам) жасанды интеллектінің ықпалымен өзгеруі мүмкін.