Елімізде әскери оқу орындарына түсу қағидалары өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрлігінің жаңа қағидасы биыл 18 сәуірден бастап күшіне енеді.

Талапкерлер өтінішті әскери колледждердегі қабылдау комиссияларына тапсырады немесе электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы жеке ЭЦҚ-мен немесе ұялы байланыс операторы ұсынған абоненттік нөмірді порталдағы жеке кабинетке тіркеген және қосқан жағдайда бір реттік құпиясөзбен растап, құжаттар пакетін тіркейді.
Құжаттар тізімі:
— Еркін нысандағы өтініш немесе рапорт (тегі, аты-жөні, туған күні, тұрғылықты мекенжайы, заңды өкілдерінің байланыс деректері көрсетіледі);
— Жеке куәлік (түпнұсқа тексеру үшін) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электронды нұсқасы; 16 жасқа толмағандар үшін туу туралы куәліктің көшірмесі (түпнұсқа тексеру үшін);
— Әскери билет көшірмесі (тек әскери қызметшілер мен қордағы әскери қызметшілер үшін, түпнұсқа);
— Жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік білім туралы аттестат/диплом (түпнұсқа және көшірме); әскери колледжге негізгі орта білім негізінде түсетіндер үшін негізгі орта білім туралы куәлік;
— ҰБТ сертификаты (әскери колледжге түсетіндер мен мерзімді әскери қызметін өткеріп, конкурстан өткендерден басқа); кемінде 50 балл, оның ішінде бейіндік пән бойынша — кемінде 7 балл, басқа пәндерден — кемінде 3 балл;
— 075/у нысанындағы медициналық анықтама және келесі зерттеулер (оқу орнына келгенге дейінгі соңғы 30 күн ішінде алынған):
— жалпы қан талдауы;
— сифилиске микрореакция;
— жалпы зәр талдауы;
— мұрын қуысының рентгенографиясы;
— 12 арналы ЭКГ (тыныштықта; қажет болса жүктемемен);
— кеуде қуысын флюорография (үш айдан кешіктірілмей);
— бруцеллезге қан талдауы (мал ұстайтындарға);
— амбулаториялық науқас картасы;
— екпе картасы.
Ұшу мамандығына түсетін талапкерлер қосымша:
— Жүктемеден кейінгі ЭКГ;
— Қалқанша безі, жүрек, несеп-жыныс жүйесі УДЗ;
— Қандағы қант, В және С гепатит маркерлері;
— Тоналды аудиометрия;
— Электроэнцефалография.
Қосымша құжаттар (бар болса):
Спорттық разряд, республикалық немесе халықаралық жарыстардағы жүлделі орын, білім олимпиадаларындағы жүлделер туралы құжаттар (мерзімді қызметін өткеріп, конкурстан өткендерден басқа);
3×4 өлшемді 4 фотосурет;
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (ата-анасының қайтыс болуы, құқығынан айырылуы, хабар-ошарсыз кетуі және т. б.) тиісті құжаттар көшірмесі (түпнұсқамен салыстыру үшін);
Әскери қызметте қаза тапқан немесе мүгедек болған, із-түзсіз жоғалған әскери қызметшілердің балалары — жергілікті әскери басқару органының анықтамасы;
Арнайы тексеруден өткені туралы анықтама (негізгі орта білім негізінде түсетіндерден басқа);
Мерзімді әскери қызмет өткергендер — әскери бөлімдегі конкурстан өткені туралы сертификат.
Қосымша шарттар:
Жалпы орта білім негізінде түсетіндер 10 маусымға дейін жергілікті әскери басқару органына немесе портал арқылы өтініш береді;
Оқуға қабылданғандар әскери колледж аумағында тұрады және бейбіт уақыт нормалары бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі;
Жалпы орта білім негізінде оқуға қабылданғандар әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады;
Негізгі орта білім негізінде оқитындар 3-курсқа көшкенде келісімшарт жасасады;
Оқуға қабылданғандар 29 тамызға дейін колледжге келуге тиіс;
Құжаттар толық ұсынылса — «жеке кабинетке» қабылданғаны туралы хабарлама жіберіледі;
Мерзімді әскери қызмет өткергендер оқу жылында 24 жасқа толмаған болса, 10 маусымға дейін өтініш береді;
Қайта оқу үшін — еркін нысандағы өтініш пен транскрипт ұсынылады;
Құжаттар толық болмаса немесе мерзімі өтіп кетсе, өтініш қабылданбайды. Портал арқылы өтінген жағдайда — «жеке кабинетке» бас тарту мәртебесі жіберіледі. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі қағаз немесе электронды түрде ұсынылады.
Еске сала кетсек, өткен жылы еліміздің әскери оқу орындарында жаңа мамандықтар пайда болатыны айтылған еді.