Елімізде атаулы әлеуметтік көмекті есептеу жүйесі қалай өзгереді

Елімізде атаулы әлеуметтік көмекті есептеу жүйесі қалай өзгереді
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл ақпанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ведомство алқасында елімізде атаулы әлеуметтік көмекті толық трансформациялау күтіп тұрғанын мәлімдеді. Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты төлемді есептеу жүйесі қалай өзгеретіні туралы Kazinform агенттігі министрлікке ресми сауал жолдаған еді.

Аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау үшін елімізде атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ол ақшалай төлемнен басқа, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларға қосымша төлемді қамтиды.

АӘК көрсету мұқтаждықты бағалаумен және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру шартымен жүзеге асырылады. Тағайындалған көмектің мөлшері отбасының жиынтық табысына байланысты.

Еңбек министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін азаматтардың кірісі мен шығысын ескере отырып, АӘК көрсетудің бизнес-процесін трансформациялау тетігін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. АӘК тағайындау мемлекеттік органдардың басқа ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған «Әлеуметтік көмек» жүйесі арқылы толық автоматтандырылған.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп азаматтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігі пысықталып жатыр. Оның аясында жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу, оқыту мен қосымша білім алуға ақы төлеу, саяхат шығындары, санаторий-курорттық емдеу, аудиовизуалды жабдықты сатып алу, жиһаз, тұрмыстық техника сатып алу, кредиттерді өтеу және тағы басқа негізгі шығыс түрлері көзделіп отыр», - деп түсіндірді аталған ведомство.

Азаматтардың шығыстары туралы мәліметтерді алу үшін Өнеркәсіп және құрылыс, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, Ұлттық банктің басқа да құзырлы ұйымдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау жүргізіледі.

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедейлік шегінің мөлшері халықтың орташа табысы негізінде анықталатынын еске салды. Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері белгілі бір сала үшін орташа табыс көрсеткішіне байланысты айқындалады. АӘК тағайындау критерийі кедейлік шегі болып табылады, оның мөлшері орташа табыстың 50%-на теңестіру жоспарланып отыр.

«Егер әрбір отбасы мүшесінің табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық АӘК мөлшеріне тең. Осыған байланысты, әрбір нақты отбасы үшін АӘК тағайындалған сомасының мөлшері жеке анықталады, яғни жиынтық табыстың мөлшеріне және кедейлік шегіне байланысты», - деп хабарлады министрлік.

Соңғы жаңалықтар