Елімізде азаматтық авиацияны 2050 жылға дейін дамыту жоспары әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкестік көрсеткіші ұшу қауіпсіздігі бойынша 82%-ды, ал авиациялық қауіпсіздік бойынша 95,7%-ды құрады.
Бұл көрсеткіштер Монреаль қаласында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған Қазақстан делегациясының Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен кездесуінде атап өтілді.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарын және азаматтық авиация саласындағы басым бағыттарды талқылады.
Ұйымның Бас хатшысы Қазақстанның авиация саласында атқарған жұмыстарына жоғары баға берді. Сонымен қатар ол 2026 жылғы қазанда Астанада өткен ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығының ұйымдастырылу деңгейін және Қазақстанға сапарының сәтті өтуін атап өтті. Жиында жинақталған тәжірибе ИКАО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуға негіз болатыны айтылды.
Талғат Ластаев Қазақстанда әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, халықаралық әуе бағыттарының географиясын кеңейту және авиация саласына жаңа буын мамандарын даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Сондай-ақ ИКАО сарапшыларымен бірлесіп әзірленіп жатқан Қазақстанның азаматтық авиациясын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі мастер-жоспарға тоқталды.
Вице-министр Қазақстанның ИКАО-мен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін және ұйымның «Бірде-бір ел назардан тыс қалмауы тиіс» және «Авиациядағы нөлдік өлім-жітім» бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
-Біз Ұйымның қолдауын жоғары бағалаймыз және серіктестікті одан әрі нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделіміз. Тиімді халықаралық өзара іс-қимыл әлемдік азаматтық авиацияның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және өзара байланыстылығын қамтамасыз етудің басты шарты болып табылатынына сенімдіміз, — деді Талғат Ластаев.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен ИКАО ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады. Жинақталған тәжірибе мен қол жеткізілген нәтижелер Қазақстанның ұйым жұмысына белсенді қатысуына және халықаралық азаматтық авиация жүйесін дамытуға үлес қосуына мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО стандартына сәйкестігі 95,7%-ға жеткені туралы жаздық.