Елімізде бетон жаймасына қойылатын бірыңғай талап енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 1 қарашадан бастап Қазақстанда бетон жаймасына арналған жаңа ұлттық стандарт қолданысқа енгізіледі. Құжат каналдарды, еңістерді және су шаруашылығы құрылыстарын нығайту үшін қолданылатын материалдың сапасына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

жаймасы
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

ҚР СТ 4051-2026 «Бетонды жаймалар. Техникалық шарттар» ұлттық стандартына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығымен бекітілді.

Құжатты отандық өндірушілерді қолдау және бетон жаймасын өндіруге, сынауға әрі қолдануға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу мақсатында «Kazakh Industrial Stroi» ЖШС өтінімі бойынша «Қазақстан стандарттау және метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны әзірледі.

Бетон жаймасы — құрғақ цемент қоспасы негізінде жасалған геосинтетикалық композициялық материал. Ылғалданғаннан кейін ол беріктік пен қаттылыққа ие болады.

Бұл материал гидротехникалық және басқа да су шаруашылығы құрылыстарын салу, жөндеу және қалпына келтіру кезінде қолданылады. Ол жабындарды, еңістер мен үйінділерді нығайтуға, су бұру каналдарын, ирригациялық және мелиорациялық құрылыстарды, жасанды су айдындары мен бетон науаларды жасауға пайдаланылады. Алайда стандарт жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен уақытша жолдарды салуға арналған материалдарға қолданылмайды.

Құжат бетон жаймасының қандай сипаттамаларға сәйкес болуы керектігін айқындайды. Олардың қатарында иілу мен созылу кезіндегі беріктік, цемент ерітіндісінің сығылуға беріктігі, статикалық тесілуге төзімділік, су өткізбейтін, аязға төзімділік және су сіңіргіштік көрсеткіштері бар.

Сондай-ақ өнімді қабылдау тәртібі, қабылдау-тапсыру және мерзімдік сынақтарды өткізу талаптары жеке белгіленген. Әрбір өнім партиясы сапа құжатымен бірге жеткізілуге тиіс. Онда өндіруші мен партия туралы мәліметтер, орамдар саны және тиісті сынақтардың нәтижелері көрсетіледі.

Бірыңғай талаптар өндірушілерге өнім сапасын бақылауға, ал тапсырыс берушілерге оның сипаттамаларын бағалауға мүмкіндік береді. Бұл отандық өндірісті дамытуға және қазақстандық материалдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды.

Айта кетейік, Су ресурстары министрлігі Үлкен Алматы каналын бетондау бойынша жоба әзірлеп жатыр.