Елімізде биржалық саудаға жаңа талаптар енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тауар биржаларының жұмысына қойылатын талаптар күшейтіліп, биржалық сауданың ашықтығын арттыруға бағытталған жаңа реттеу жүйесі енгізіліп жатыр.
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, бүгінде елде үш тауар биржасы жұмыс істейді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар «Еуразиялық сауда жүйесі» және «Каспий» тауар биржалары арқылы сатылады.
2024 жылғы 30 желтоқсанда биржалық сауда мен кәсіпкерлікке қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілді. Оның негізгі мақсаты — бағаны қолдан көтеру мен нарық қатысушыларының сөз байласу тәуекелдерін азайтып, биржалық саудаға барлық қатысушыға тең мүмкіндік беру.
Жаңа талаптарға сәйкес, биржалық брокерлер мен клирингтік орталықтар лицензия алуға міндеттелді. Талаптар бұзылған жағдайда лицензияны уақытша тоқтату немесе одан айыру қарастырылған.
— 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап клирингтік қызметті реттейтін толық жүйе де іске қосылды. Оның аясында міндетті лицензиялау және мемлекеттік бақылау енгізілді. Сонымен қатар биржалық саудаға адал емес қатысушылардың тізілімін қалыптастыру көзделіп, мәмілелер туралы ақпаратты сақтау талаптары күшейтілді, — делінген хабарламада.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар енді Үкімет конкурс арқылы айқындаған тауар биржаларында сатылады. Бұл сауданы талаптарға сай биржалық алаңдарға шоғырландырып, нарықтағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы биржалық инфрақұрылым «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аясында да дамып келеді. Мұнда тауар активтері мен туынды қаржы құралдарымен ұйымдастырылған саудаға арналған жеке реттеу жүйесі қалыптасқан.
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті ETSE Ltd. компаниясына көпжақты сауда алаңы (MTF) ретінде қызмет көрсетуге лицензия берген.
Жаңа реттеу тетіктері биржалық сауда құралдарын кеңейтіп, тауар нарықтарының ашықтығын арттыруға және халықаралық сауданы дамытуға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда биржалық брокерлерге міндетті лицензиялау енгізілетінін хабарлағанбыз.