Елімізде бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік арзандады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 5 тамыздағы жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары бойынша бағаның төмендеуі байқалды.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, апта ішінде қияр (-2,4%), ақ қырыққабат (-2,1%), қызанақ, картоп (-1,7%), сүйексіз сиыр еті (-0,4%), алма (-0,3%), қарақұмық жармасы (-0,2%), қаймақ (-0,1%) бағалары төмендеді.
Бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан, сүйекті сиыр еті, тауық еті, құс еті, ет фаршы, сүзбе, айран және шай бағалары аптада өзгеріссіз қалды.
Өңірлер бөлінісінде елдің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Шымкентте (-0,4%), Павлодар мен Талдықорғанда (әрқайсысында -0,2%), Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев, Қостанай қалаларында (әрқайсысында -0,1%) төмендеді. Алматы, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Өскемен, Қарағанды, Петропавл және Тараз қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 483 теңге болды. Ең төмен баға Шымкент қаласында тіркелді - келісі 321 теңге.
Республика бойынша пияздың орташа бағасына келсек, келісі 200 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Түркістан қаласында - 138 теңге, Қызылорда қаласында 164 теңге деңгейінде белгіленді.
Ақ қырыққабаттың республика бойынша орташа бағасы келісіне 191 теңге болды. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркелді - келісі 143 теңге.
Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы 529 теңге болды. Ең қолжетімді бағалар Тараз қаласында (310 теңге), Шымкент және Түркістанда (324 теңге) байқалды.
Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 778 теңгені, ал қой етінің, оның ішінде сүйексіз етті қоса алғанда, орташа бағасы килограмына 4 493 теңгені құрады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.
Азық-түлік өнеркәсібінде тұрақты оң серпін бар. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.