Елімізде бір күнде екі орман өрті тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — 27 қыркүйек күні еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында екі орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Өңірлер бойынша Қарағанды облысында және Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өрт тұтанды.
Өрт ошағы мемлекеттік орман күзетінің жерүсті бақылауы барысында анықталды. Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, ТЖМ қызметкерлері мен арнайы техникалар жұмылдырылды. Қазіргі сәтте өрт ошақтары толығымен сөндірілді.
— Дала өрттері орманға жеткен. Азаматтарды өрт қауіпті кезеңде табиғат аясында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, отты пайдалану кезінде сақтық танытуға шақырамыз, — делінген хабарламада.
Бұған дейін күн суып, күз басталғанына қарамастан, Түркияда, әсіресе Эгей және Жерорта теңізі өңірлерінде орман өрті қаупі әлі де сақталып отырғаны хабарланған болатын.