Елімізде бір литр айран қанша тұрады – бағаға шолу

АСТАНА. KAZINFORM – Айран – күнделікті тұтынатын ағарғанның бірі. Оның үстіне ақуыз, май және микроэлементтерге толы пайдалы өнім. Kazinform тілшісі өңірлердегі айран бағасына шолу жасаған еді. 

айран
Коллаж: Kazinform

Дүкен айранының (кефир) бағасы 290 теңгеден басталады. Орташа бағаны анықтау үшін майлылығы 2,5% 1 литр айранды негізге алдық. Қапталған айранның ең төменгі бағасы Талдықорғанда литрі 290 теңге, ал Петропавлда литрі 310-668 теңге тұрады. Оралда айранның литрі 356-562 теңге, ал Шымкентте 386 теңгеден басталып, 500 теңгеге дейін сатылып жатыр. Салыстырмалы түрде арзан айранды Павлодардан сатып алуға болады, бұл өңірде 373-449 теңге аралығында 1 литр айран аласыз.

Елорда тұрғындары бір литр айранды 430-605 теңге аралығында сатып ала алады (сөрелерде отандық және шетелдік өндірушілердің өнімдері ұсынылған).

Қапталған айранды (кефир) Қызылордада литрін 450 – 500 теңге аралығында сатып жатыр.

Қарағандыда жергілікті өндіріс айранының литрі 450-480 теңгеден басталады, ал сырттан әкелінген бір литр айранның бағасы 500 теңгеден басталады. Жезқазғанда жергілікті өндірілген айранның литрі 495 теңгеден және әкелінген айранның бағасы 550 теңге (1 литрі) тұрады.

Көкшетауда қапталған айранның литрі 458-648 теңге аралығында сатылып жатыр. Таразда баға 465 теңгеден 585 теңгеге дейін жетеді.

Қостанайлық тұтынушылар жергілікті өнімді қолдайды, сондықтан дүкен сөрелерінде негізінен отандық сүт зауыттарының тауарлары бар. Бағасы литріне 469 теңгеден 529 теңгеге дейін барады.

Түркістанда бір литр айран 500-650 теңгеге тұрады. Ақтауда айран бағасы салыстырмалы түрде қымбат – литрі 508-764 теңге тұрады. Ал Ақтөбеде 515 теңгеден 629 теңге аралығында сатылып жатыр.

Өскемен мен Семейде айранның (кефир) литрі 600 теңге, Алматы мен Қонаев қаласында – 600-885 теңге, Атырау айранның жоғары бағасымен ерекшеленеді, бұл өңірде бір литрі 608 теңге.

Түрік айраны қанша тұрады?

Түрік айраны мен дүкендегі қапталған айранды өте ұқсас деп санаса да, дәмінде айырмашылық бар. Екі өнімнің дәмі мен дайындығы әртүрлі. Сатылым жағынан алып қарасақ, еліміздің кейбір аймақтарында қолдың айраны аса сұранысқа ие емес.

Дүкен сөрелерінде көбіне майлылығы 1% «түрік айраны» ұсынылған, оның салмағы 300-330 грамм шыныаяқтарда немесе бөтелкелер мен пакеттерде сатылады. Оның классикалық түрлері де бар.

Көкшетауда түрік айранының 300 грамы 155 теңге, ал литрі 465 теңге тұрады. Бағасы төмен тағы бір қала -Талдықорған. Мұнда 300 грамм айранды 175 теңгеге, ал литрін 575 теңгеге сатып алуға болады.

Оралда айранның 300 грамын 235-300 теңге, ал литрі 580 теңге болады. Таразда 300 грамм айранның құны 250-300 теңгені құрайды, ал бір литр түрік айранының құны 560 теңгені құрайды. Ақтау қаласында айран 264-294 теңге, литрі – 629 теңге.

Астанада, Алматыда және Қонаевта айранның 300 грамм айранды 280-300 теңгеге сатып алуға болады. Елордада бір литр түрік айранының құны 570 теңге.

Түркістан мен Қызылордада түрік айраны литрі үшін 330 теңгеден 400 теңгеге дейін төлейсіз. Павлодарлықтар бір литр айранды шамамен 374 теңгеге сатып алып жатыр.

Қарағандыда бір литр айранның құны 429 теңге, ал Жезқазғанда - 471 теңге тұрады.

472 теңгеге бір литр түрік айранын Шымкентте, 495 теңгеге Ақтөбеде, 500 теңгеге Өскемен мен Семейде сатып алуға болады. Ал Петропавлда бір литр айран 497-708 теңге тұрады. Қостанайда түрік айранының литрі 570 теңге тұрады. Айранның бағасы Атырауда неғұрлым қымбат болып шықты. Аталған өңірде литрі 638 теңгеге сатылады.

Соңғы жаңалықтар