Елімізде бірде-бір ұйым мүгедекті жұмысқа алғысы келмейді – депутат
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдап, мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Kazinform.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында мүгедектігі бар жандарды қорғау, оларға деген көмекті ұлғайту керектігін әрдайым айтуда және нақты тапсыруда. Бұл Үкіметке ғана емес, әр мекеме басшыларына да қатысты. 2015 жылдан бері мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамту туралы заң қабылданды. Нақты тапсырма берілді. 2016 жылы әр мекемеге квота енгізілді. Квота мөлшері 2 пайыздан 4 пайызға дейін көрсетілген. Әлемдік көрсеткіш – 6 пайыз. 2023 жылы Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Осы жылдың 7 маусымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен мүгедек адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау Ережесі бекітілді. Бекітілген ережеде, тапсырмада сол күйінде қалды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, бірде-бір ұйым мүгедекті жұмысқа алғысы келмейді. Мүгедекті мүсіркейді. Ал енді көп мекеме өздерінде мүгедек жанның жұмыс істеп жүргенін білмейді де.
«Себебі олар өзінің мүгедек екенін айтқысы келмейді. Өйткені жұмыстан айырылып қалудан қорқады. Өкінішке қарай, күннен күнге мүгедектігі бар жандар саны артып келеді. Сондықтан олар ертеңгі күніне сенімді болулары үшін біз оларға көмектесіп, жұмыс орындарын ұйымдастыра білуіміз керек. Президенттің тапсырмасы міндетті түрде орындалуы тиіс және оны Үкімет қадағалауы керек», - деді Мәжіліс депутаты.
Осы орайда Таңсәуле Серіков Үкімет басшысына мынадай ұсыныстарын жеткізді.
1. Мүгедектігі бар жандар үшін жұмыс орындары міндетті түрде ұйымдастырылып, қатаң түрде қадағалануы керек.
2. Оны орындамаған ұйымдарға үлкен мөлшерде айыппұл салынуы қажет. Сол айыппұлдан түскен қаржыға мүгедектігі бар тұлғаларға жұмыс орындары ұйымдастырылғаны жөн.
3. Оқу ағарту министрлігіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне мүгедектігі бар жандар үшін жоғары оқу орындарында, колледждерде сапалы мамандар даярлайтын, қайта даярлайтын оқу орындары ұйымдастыруы тиіс. Оқу орындарын тәмамдаған мүгедектігі бар жандар мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдарда 100 пайыз жұмысқа орналастырылуы керек.