Елімізде Dr.Habil ғылыми атағы енгізіле ме – Тамара Дүйсенова жауап берді

Елімізде Dr.Habil ғылыми атағы енгізіле ме – Тамара Дүйсенова жауабы
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутаттарының елімізде хабилитирленген доктор  (Dr.Habil) ғылыми атағын енгізуге қатысты сауалына жауап берді.

«Болон процесіне қатысушы елдерде хабилитирленген доктордың ғылыми атаққа немесе дәрежеге сай келетіндей біржақты анықтама жоқ. PhD дәрежесі негізінде беріледі. Хабилитация процедурасынан өту үміткерге университетте дәріс оқуға (приват-доцент) және профессорлық лауазымды иеленуге құқық береді. Қазақстанда бұл лауазымды қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атағы бар тұлғалар жүзеге асырады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның атап өтуінше, 2021 жылғы ережеге сәйкес, Қазақстанда хабилитирленген доктор дипломы еш төлемсіз автоматты түрде мойындалады. Ал қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атағына үстемеақы қарастырылған.

«Еуропада хабилитирленген доктор дәрежесі Еуропалық біліктілік шеңберінің 8 деңгейіне жатпайды. Соған орай Қазақстанда хабилитирленген докторды Ұлттық біліктілік шеңберінің 8 деңгейі ретінде тану еліміздің Болон процесіндегі міндеттемелеріне қайшы келеді. Осыған байланысты хабилитирленген доктор мәртбесін Ұлттық біліктілік шеңберінде анықтау талап етіледі. Ал бұл заңнамалық түзетулер енгізуге және республикалық бюджеттен қосымша шығыстарға алып келеді. Қазіргі уақытта Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық сарапшылардан жұмыс тобын жасақтады. Ол аталған мәселені академиялық қоғамдастықта кеңінен талқылай отырып, тыңғылықты зерделейтін болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар