Еліміздің 13 өңірінде 62 электрлі көліктерді қуаттандыру станциясы жұмыс істеп тұр

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгінгі таңда еліміздің негізгі автомобиль бағыттарының бойында Қазақстанның 13 өңірінде орналасқан 62 электр көліктерін қуаттандыру станциясы (ЭҚС) жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

электр қуаттағыш станция
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Оларды дамыту өңірлер арасында қатынайтын электромобиль иелері үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Станциялардың ең көп саны Алматы және Жамбыл облыстарында — 12-ден, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарында — 8-ден орналасқан. ЭҚС Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан жәнеТүркістан облыстарында да жұмыс істейді. Атап айтқанда, желі елдің әртүрлі көлік бағыттарын қамтиды. Мысалы, «Астана – Алматы» автожолында 13 станция, «Астана – Петропавл» бағытында 7, «Алматы – Өскемен» трассасында 6 станция орналасқан.

Халықаралық көлік дәліздері бойында зарядтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында 19 электр зарядтау станциясы орнатылған.

Орнатылған ЭҚС-тардың қуаты 60-тан 320 кВт-қа дейінгі аралықты құрайды. Бұл электромобиль иелеріне негізгі республикалық және халықаралық бағыттар бойынша сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

ЭҚС желісін одан әрі кеңейту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. 2026 жылға арналған жоспарда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 27 жаңа автожанармай құю станциясын салу көзделген, ал электр көліктерін қуаттандыру станцияларын сол жоспарланған нысандарда орналастыру қарастырылған. Мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында 7 ЭҚС орнату жоспарланып отыр.

-Көлік министрлігі жол саласындағы ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа объектілер салу және қолданыстағыларды Ұлттық стандарттың талаптарына сәйкестендіру мәселелері бойынша жол бойындағы сервис нысандарының жеке инвесторлары мен иелерімен жұмыс жүргізу үстінде,-делінген хабарламада.

Осыған дейін көліктің қандай жағдайда айып тұрағына жеткізілетіні туралы жаздық.