Елімізде ерлердің 88,7%-ы бала тәрбиесін өміріндегі басты рөлдердің бірі деп санайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ерлердің 88,7%-ы бала тәрбиелеуді өз өміріндегі ең басты рөлдердің бірі деп есептейді. Қазіргі қоғамда әкенің отбасындағы рөлі материалдық қамтамасыз етумен ғана шектелмей, бала тәрбиесіне белсенді араласу және эмоционалдық байланыс орнатумен толығып келеді, деп хабарлайды Қазақстандық қоғамдық даму институты.

у
Фото: ҚҚДИ

ҚҚДИ Отбасы апталығы аясында әке институтының қазіргі қазақстандық қоғамдағы өзгерісіне қатысты зерттеу нәтижелерін жариялады.

«Берекелі отбасының қалыптасуына әсер ететін факторлар» атты әлеуметтік зерттеуге 2 400 респондент қатысқан.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ер азаматтардың 57,2%-ы әке болуды өміріндегі ең маңызды міндет деп санайды. Тағы 31,5% респондент әке болуды өмірінің басты аспектілерінің бірі ретінде бағалаған.

Жалпы ерлердің 88,7%-ы бала тәрбиелеуді өз өміріндегі ең басты рөлдердің бірі деп есептейді.

– Әке институты қоғаммен бірге өзгеріп келеді. Бүгінде әкенің отбасындағы рөлі тек материалдық қамтамасыз етумен шектелмей, бала тәрбиесіне саналы түрде қатысу, эмоционалдық байланыс орнату және отбасылық жауапкершілікті бөлісу ұғымдарымен толығып келеді. ҚҚДИ-дің 2026 жылғы зерттеулері осы өзгерістердің қазіргі қазақстандық қоғамдағы көріністерін көруге мүмкіндік береді, – делінген институт ақпаратында.

ҚҚДИ-дің «Қазақстандағы әке институты» атты 2026 жылғы талдау баяндамасында әкелердің бала өміріне қалай араласатыны да қарастырылған.

Зерттеу нәтижесі әкелердің қолдауы күнделікті нақты әрекеттер арқылы көрінетінін көрсеткен. Әкелер балаларына туындаған мәселені шешуге көмектеседі, кеңес береді және қажет жағдайда оларды қорғайды.

Сонымен бірге әкелер баласының мектептегі жағдайларына араласып, оның білім алу ортасындағы мәселелеріне назар аударады.

Зерттеуде әке мен бала арасындағы эмоционалдық байланыстың да маңызы атап өтілген. Қазіргі әкелер арасында баламен ашық эмоционалдық қарым-қатынас орнату үлгісі қалыптасып келе жатқаны көрсетілген.

Осылайша, қазіргі қазақстандық отбасындағы әке бейнесі біртіндеп өзгеріп, отбасын материалдық қамтамасыз етумен қатар бала тәрбиесіне тікелей қатысу, қолдау көрсету, қорғау және эмоционалдық жақындық орнату сияқты міндеттермен толығып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Отбасы күніне орай қандай іс-шаралар өтетіні хабарланды.